Алматы қалай өзгереді: Дархан Сатыбалды Тоқаевқа қаланың жаңа келбетін таныстырды

Qaz365.kz редакциясы
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдады. Кездесу барысында әкім қаладағы әлеуметтік-экономикалық ахуал, қала құрылысы және ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысы туралы есеп берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Дархан Сатыбалдының мәліметінше, өткен жылы қысқа мерзімді экономикалық индикатор 12,8 пайызға өскен. Алматы экономикасының үлесімен мемлекет қазынасына 6,6 трлн теңге салық пен міндетті төлем түскен. Сонымен қатар қалада бірнеше орталықты дамытуға бағытталған жаңа стратегиялық бастамалар ұсынылған. Жоспар аясында заманауи IT-инфрақұрылым қалыптастыру, көпфункционалды іскерлік нысандар салу және тұрғындарға арналған демалыс аймақтарын абаттандыру көзделіп отыр.

Әкім Президентке Алматының көлік жүйесін жаңғыртуға қатысты жоспарларды да таныстырды. Оның айтуынша, жүрдек қоғамдық көлік түрлерін дамыту қаладағы қатынасты жеңілдетіп, орнықты дамуға серпін береді. Сондай-ақ Бас жоспарға ауаның еркін айналуын қамтамасыз ету, орталық және жоғарғы бөліктердегі тығыз құрылысты шектеу, жасыл аймақтарды үш есеге дейін ұлғайтып, 3 800 гектарға жеткізу жөніндегі шешімдер енгізілген. Бұған қоса, 2025 жылы қала көшелерін жарықтандыру сапасы жақсарып, қуат көлемі екі есе артқаны атап өтілді.

Кездесуде Алматының тау кластерін дамыту жобасы да қаралды. Қазіргі таңда «Медеу» базалық станциясы арқылы «Шымбұлақ» пен «Ой-Қарағай» курорттарын біріктіруге арналған техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу жұмыстары аяқталу сатысында. Жоба жүзеге асқан жағдайда аспалы жолдар саны 16-дан 62-ге дейін артып, тау шаңғысы трассаларының жалпы ұзындығы 250 шақырымнан асады. Ал демалыс аймақтарының тәуліктік өткізу қабілеті 40 мың адамға дейін жетпек.

Кездесу соңында Президент Алматы экономикасын әртараптандыруды жалғастыру, экологияны жақсарту, орнықты көлік пен туристік инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ қалалық орта сапасы мен тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.