Мектеп оқушысы дәретханаларға қоятын ЖИ жүйесі бар камера ойлап тапты

Qaz365.kz редакциясы
Фото: Бейнеден кадр

Енді білім ордаларындағы әжетханаларға камера қойылуы мүмкін. Астаналық 7-сынып оқушысы Әділхан Рүстемұлы төбелес, әлімжеттік болып жатқан кезде іске қосылатын ЖИ жүйесі арқылы жасалған камераны ұсынды, деп хабарлайды Qaz365.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Мектептерде көптің көзінен таса жерлерде болатын төбелес пен әлімжеттік қоғамды алаңдатып отыр. Заң бойынша дәретханаларға камера орнатуға тыйым салынған. Алайда бұл мәселеге тың шешімді небәрі 7-сыныпта оқитын оқушы ұсынды.

Бір жыл бойы ізденген Әділхан Рүстемұлы әлімжеттіктің алдын алуға бағытталған арнайы құрылғы ойлап тапты. Жүйе адам қозғалысын бақылайды, бірақ тұрақты бақылау жүргізбейді. Тек агрессивті қимыл байқалған жағдайда ғана дабыл береді. Құрылғы қараңғыда да жұмыс істей алады және қосымша қуат көзін қажет етпейді.

«Камераларда сигнал қабылдағыш орналасқан. Егер түнде істей алмайды десеңіздер, ішінде шағын жарығы да орналасқан. Ол түнде істеуге көмек бере аладын. Бұған ешқандай батарея деген сияқты заттар керек емес. Ішінде қозғалыс сигналын анықтайтын құрылғы бар. Егер адамның қозғалысы болмаған жағдайда жүйе іске қосылмайды», – деді Әділхан Рүстемұлы.

Жобаның ғылыми жетекшісі Айдос Басықара бұл технология камера қоюға тыйым салынған аймақтарда қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік беретінін айтады. Қазір жоба жетілдіру кезеңінде. Қолдау тапқан жағдайда, бұл жүйе мектептердегі буллингтің алдын алатын тиімді құралға айналуы мүмкін.