Өрттен екі баланы алып шықты: ШҚО-да қаһарман мұғалім марапатталды

Qaz365.kz редакциясы
ШҚО әкімдігі

Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында нағыз ерлік көрсеткен мектеп мұғалімі Рулан Сейітов жоғары мемлекеттік марапатқа ие болды. Көршісінің үйінен шыққан өртті байқап, сәбилерді ажал аузынан құтқарып қалған ұстаздың қадамы көпке үлгі болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қайғылы жағдай 18 қаңтар күні Соловьёво ауылында орын алған. Өз ауласында жүрген Рулан Копылов көшесіндегі көрші үйдің шатырынан қою түтін шығып жатқанын көреді. Еш ойланбастан көмекке ұмтылған ол, есік арқылы үйге кіру мүмкін болмаған соң (қою түтінге байланысты), үйді айналып өтіп, терезеге қарай ұмтылған.

Сынған терезе маңынан көмек сұраған екі баланы көріп, оларды қауіпті аймақтан жедел алып шықты. Руланның дер кезіндегі әрекеті екі бірдей кішкентай өмірді сақтап қалды.

Осы ерлігі үшін Рулан Сейітов ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен арнайы медальмен марапатталды. Марапатты ШҚО ТЖД бастығының міндетін атқарушы Фархат Әміре салтанатты түрде табыстап, батырға алғысын білдірді.

Айта кетейік, Рулан Сейітов – нағыз өз ісінің маманы. Ол 14 жылдан бері Соловьёво ауылындағы орта мектепте дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық (АӘД) пәнінен сабақ береді.