Сотта Гүлмира Сатыбалды өзіне тағылған айыпты мойындамады
Гүлмира Сатыбалдыға қатысты іс бойынша сотта жәбірленуші Тұрсенғали Алагөзов 5 млрд теңге моральдық шығын өндіруді талап етті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Halyq Uni-не сілтеме жасап.
Алагөзовтың адвокаты Ақмарал Бұралхиева азаматтық талап арызға қосымша құжат ұсынғанын айтты.
“Азаматтық талап арыз негізінде Гүлмира Сатыбалдыдан «GALANZ bottlers» АҚ-ның 43,25% акциясын қайтару арқылы 6 млрд 985 млн 221 мың теңге шығынды өндіріп алуды сұраймыз. Моральдық шығын ретінде 5 млрд теңге өндіріп алынсын”, - деді адвокат.
Жәбірленуші Тұрсенғали Алагөзов не себепті моральдық шығын ретінде 5 млрд теңге өндіруді сұрап отырғанын түсіндірді.
“6 жыл бойы мені компанияға жолатпағанына байланысты 5 млрд теңге өндіруді талап етіп отырмын. 6 жыл бойы мені кәсіпорын аумағына кіргізбеді. Ол маған материалдық қана емес, моральдық та шығын келтірді. Сотталушының әрекеттерінің салдарынан менің беделіме нұқсан келді”, - деді сотта Алагөзов.
Айта кетейік, бұған дейін іс бойынша тағы бір жәбірленуші Айгүл Мекешева өзіне 713 млн теңгеден аса сомаға материалдық шығын келгенін айтып, осы соманы өндіруді сұрады.
“713 809 780 теңге көлемінде материалдық шығын мен 50 млн теңге көлемінде моральдық шығынды өтеуді сұраймын”, - деді Айгүл Мекешева.
Алайда жәбірленуші бұл соманы Гүлмира Сатыбалдының өзінен немесе іс бойынша сотталушы Мәди Батыршаев және Рашид Өтебековтен де өндіруді сұрап отырғанын нақтыламады.
Айыптау актісіне сәйкес, 2020 жылдың қыркүйегінде Сатыбалды Алагөзовке тиесілі акциялар пакетін заңсыз иемденген. Содан кейін Сатыбалды Мекешеваның меншігіндегі «Maxi Bottlers» үлесінің 75%-ын басқа сенімді тұлғаға қайта жазуды тапсырған. Алайда алдын ала уәде берген компания акцияларының 5%-ын Мекешеваға беруден бас тартқан.
Содан кейін Сатыбалды Мекешеваның өз еркімен акцияны жазып бермейтінін түсініп, оны ұрлау әрекетін ұйымдастырған. Мекешеваны ұрлап әкетуді жеке көмекшісі Батыршаевқа тапсырған. Ал Батыршаев бұл іске өзінің үш танысын тартқан.
Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 389-бабының 3 және 4 бөлігі (өзінше билік ету), 28-бабының 3-бөлігі 1 және 8 тармағы (адамдарды пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам орындаушы деп танылады), 125-бабының 2-бөлігінде (адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы және пайдакүнемдiк ниетпен адамды ұрлау) көрсетілген қылмысты жасады деген айып тағылған.
Сотта Гүлмира Сатыбалды өзіне тағылған айыпты мойындамады.
Гүлмира Сатыбалды – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі. Бұған дейін сот үкімімен Қайрат Сатыбалды 8 жылға бас бостандығынан айырылды.