Бізге не болған - маңғыстаулық блогер қоқысқа толы даланы көрсетті

Qaz365.kz редакциясы

Маңғыстау облысындағы қоршалмаған полигонннан ұшқан қоқыс даланы басып жатыр

Фото: видео-скрин

Маңғыстау облысындағы қоршалмаған полигонннан ұшқан қоқыс даланы басып жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.

Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев әлеуметтік желіге жариялаған бейнежазбасында қаптаған қоқыстың арасынан жайылатын жер таппай тұрған маң-маң басқан даланың маңғаз жануарларын көрсетті.


"Баянды ауылының жанында қоқыс полигоны бар, онда бүкіл Ақтаудан, сондай-ақ Маңғыстау облысының ең тығыз қоныстанған ауданынан (Мұнайлы ауданы) шыққан тұрмыстық қалдықтар төгіліп, сұрыпталады. Өкінішке қарай, далада шашылып жатқан қоқыс - шенеуніктердің ғана емес, біздің қоғамның да қоршаған ортаға деген немқұрайдылығының салдары", - деп жазды блогер.


Сәрсенбаевтың пайымдауынша, қоғам мүдделі болса, мұндай сұмдықты болдырмас еді.


"Тұрмыстық қоқыстар қайда кетеді? Неліктен қоқыс полигоны биік дуалмен қоршалмаған? Қарапайым экологиялық нормалар мен талаптар неге сақталмайды? Кең даламыздағы жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтар сияқты целлофан пакеттері қайдан шықты? Бізге не болған өзі?"- деген жауапсыз сауалдар Азаматты қатты алаңдатады.