2026 жылғы 1 наурыздан бастап Ресей Федерациясында жарнама, маңдайшалар, баға көрсеткіштері мен мәзірлердегі ақпараттың мазмұнына қойылатын талаптар күшейтіледі. Жаңа заң бойынша, тұтынушы көретін барлық жария ақпарат міндетті түрде мемлекеттік тілде – орыс тілінде болуы тиіс, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі kurs.alfabank.ru- ға сілтеме жасап.
Бұрын тек ресми құжаттар мен тауар туралы негізгі ақпаратқа қатысты болған талап енді барлық салаға тарайды. Негізгі өзгерістер мынадай:
Маңдайшалар мен витриналар: «Sale», «Open», «Fresh» немесе «Coffee» сияқты сөздерді аудармасыз қолдануға тыйым салынады. Егер бұл сөздер қалса, қасына міндетті түрде «Распродажа», «Открыто», «Свежий», «Кофе» деген аудармасы жазылуы керек.
Шрифт өлшемі: Аударма мәтіні шетелдік сөзбен бірдей немесе одан үлкенірек шрифтпен жазылуы шарт.
Мәзір мен бағалар: Дәмханалардағы тағам атаулары мен баға көрсеткіштеріндегі «Special price» сияқты маркетингтік сөздер орысшаға аударылуы міндетті.
Сайттар мен қосымшалар: Ресейлік пайдаланушыларға арналған интернет-ресурстардың интерфейсі (мысалы, «Cart» емес, «Корзина») толықтай русификациялануы тиіс.
Заңның кейбір ерекшеліктері мен жеңілдіктері де қарастырылған:
Тауар белгілері: Егер атау ресми тіркелген тауар белгісі (брендинг) болса, оны латын қарпінде қалдыруға болады.
Аналогы жоқ сөздер: Егер сөздің орыс тілінде баламасы мүлдем болмаса (арнайы техникалық терминдер немесе этникалық тағам атаулары), оны аудармасыз қалдыруға рұқсат.
Қос тілділік: Шетел тіліндегі мәтінді қосымша ретінде қалдыруға болады, бірақ орыс тіліндегі нұсқасы міндетті түрде бірінші тұруы керек.
Заңның сақталуын Роспотребнадзор мен Федералдық антимонополиялық қызмет қадағалайды. Талапты бұзған заңды тұлғаларға «Тұтынушылар құқығын қорғау» және «Жарнама туралы» заңдар аясында қомақты айыппұлдар салынуы мүмкін.