189 қазақстандық Израиль армиясында қызмет етеді

Qaz365.kz редакциясы
ЦАХАЛ

Al Jazeera мәліметінше, қос азаматтығы бар 189 қазақстандық Израиль армиясының қатарында қызмет етеді және олардың кейбірі Газа секторындағы әскери әрекеттерге қатысқан болуы мүмкін, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Басылымның дерегіне сәйкес, Израиль армиясында шетелдік төлқұжаты бар 50 мыңнан астам адам бар. Олардың ішінде АҚШ, Франция және Ресей азаматтары басым. Сонымен қатар 264 өзбекстандық, 146 әзербайжандық, 112 Түркия азаматы, 52 қырғызстандық және 31 түрікменстандық аталады.

Айта кету керек, Қазақстанда қос азаматтыққа заңмен тыйым салынған. Бұдан бөлек, Қылмыстық кодекстің 172-бабына сәйкес, елден тыс жерде қарулы қақтығыстарға қатысқандар 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Егер жалдамалылық фактісі дәлелденсе, Қылмыстық кодекстің 170-бабы қолданылады. Бұл бап бойынша 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасы қарастырылған. Ауыр зардаптар болған жағдайда жаза 20 жылға дейін ұлғайып, азаматтықтан айыру шарасы қолданылуы мүмкін.

Әзірге Қазақстанның ресми органдары бұл ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.