Нұрбол Назарбаев 63,7 млрд теңге қарызбен сот арқылы банкрот болуға тағы өтініш берді

Qaz365.kz редакциясы
Коллаж: POLITICO.KZ

Болат Назарбаевтың ұлы, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені – Нұрбол Назарбаев өзін сот арқылы банкрот деп тану жөнінде үшінші рет өтініш берді. Іс материалдарына сәйкес, оның мемлекет алдындағы берешегі кемінде 63,7 млрд теңгені құрайды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Tengrinews-ке сілтеме жасап.

17 ақпанда сот арызды қабылдап, азаматтық іс қозғады. Алдын ала тыңдау 2026 жылғы 3 наурызда сағат 15:10-ға белгіленген. Іске үшінші тарап ретінде Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті тартылған.

Атқарушылық өндірістерге сәйкес, Назарбаевтың кемінде екі ірі қарызы бар. Оның 61 854 480 596 теңгесі өндіріп алынуы тиіс, соның ішінде 55 млрд теңге мемлекет кірісіне – арнайы мемлекеттік қорға аударылуға жатады. Бұдан бөлек, ол мемлекетке 1,6 млрд теңге көлемінде мемлекеттік баж төлеуі тиіс.

Жалпы қарыз сомасы шамамен 63,7 млрд теңгені құрайды. Арнайы мемлекеттік қор, соның ішінде, заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару есебінен толықтырылады.

Соттық банкроттық рәсімі борышкердің мүлкін – пәтерлерін, көліктерін, бизнесі мен өзге де активтерін сатуды көздейді. Түскен қаражат кредиторларға бағытталады. Егер мүлік қарызды толық жабуға жеткіліксіз болса, сот шешімімен қалған берешек ішінара немесе толық есептен шығарылуы мүмкін.

Алайда банкрот деп танылған жағдайда белгілі бір шектеулер енгізіледі. Атап айтқанда, 5 жыл бойы несие алуға тыйым салынады, 3 жыл бойы қаржылық мониторинг жүргізіледі, ал қайта банкроттық рәсімін бастау тек 7 жылдан кейін ғана мүмкін болады. Алимент немесе қылмыстық істер бойынша келтірілген залал секілді міндеттемелер есептен шығарылмайды.

Назарбаевты банкрот деп тану әрекеттері 2025 жылдың күзінен басталған. Қыркүйекте сот ұқсас істі қарағанымен, кейін ол қараусыз қалдырылды. 2025 жылғы 19 қарашада төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы өтініші қанағаттандырылмаған. Кейін ол шешімге шағым түсіргенімен, қайтадан бас тартылған. Қазіргі өтініш – үшінші талпыныс.

Банкроттық ісімен қатар, Нұрбол Назарбаев басқа сот процесіне де қатысуда. «Алтын Орда» базарының бұрынғы иесі Айдарбек Құсайынов оған қарсы «негізсіз баю» дерегі бойынша талап арыз түсірген. Сот талап сомасы – 15 млрд теңге шегінде Назарбаевтың мүлкі мен есепшоттарына тыйым салды.

Нұрбол Назарбаев 2017 жылға дейін құқық қорғау органдарында қызмет атқарып, Алматы облыстық ІІД басшысының орынбасары болған. Кейін кәсіпкерлікпен айналысып, Қазақстанның ең бай кәсіпкерлері рейтингінде 2024 жылы 49-орынды, 2025 жылдың мамырында 57-орынды иеленген. 2025 жылғы мамырдағы бағалау бойынша оның байлығы шамамен 179 млн долларды құраған. Ол Prime Capital Invest және Prime Capital Holding компанияларының иесі, сондай-ақ «PLS инвестициялық-құрылыс компаниясы» ЖШС-нің ортақ иесі ретінде көрсетілген.