ҚР Ішкі істер министрлігі колония-қоныстарда жазасын өтеп жатқан азаматтарға мекемеден тыс жерде смартфон қолдануға рұқсат беруді ұсынды. Тиісті бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл жеңілдіктер тек қауіпсіздігі ең төменгі мекемелерге (колония-қоныстарға) қатысты. Мұндай жерлерде негізінен абайсызда қылмыс жасағандар немесе жеңіл қылмыспен алғаш рет сотталғандар жазасын өтейді.
ІІМ дайындаған құжатта бірнеше маңызды өзгеріс қарастырылған:
Смартфондарға рұқсат: Сотталғандарға мекеме аумағынан тыс жерде (жұмыста немесе қалаға шыққанда) смартфон пайдалануға рұқсат беріледі.
«Тынығу сағаты» (Тихий час): Тәртібі өте жақсы (үшінші оң дәрежелі) сотталғандар үшін арнайы демалыс уақыты енгізілмек. Бұл шара оларды түзелуге ынталандыру үшін жасалып отыр.
Электронды терминалдар: Кездесуге сұрану немесе қалаға шығу туралы өтініштерді арнайы терминалдар арқылы беру мүмкіндігі жасалады. Бұл қадам қызметкерлермен тікелей байланысты азайтып, жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған.
Бұйрық жобасы 11 наурызға дейін ашық талқылауда болады.
Айта кетейік, колония-қоныстарда сотталғандарға онсыз да азаматтық киім киюге, отбасымен бірге тұруға және мекеме сыртында жұмыс істеуге рұқсат етілген.