Батыс Қазақстан облысындағы мәселелерді ашық жазып жүрген Ахмедьяровқа 2012 жылы қастандық жасалған еді
Кезектен тыс сайлауда Парламент Мәжілісіне Батыс Қазақстан облысынан өз-өзін ұсынып, өтпей қалған журналист Лұқпан Ахмедьяров кейін сайлаудағы заңсыздықтарды әшкерелеген болатын. Ол видеоларды прокуратураға жолдаған. Енді, міне, жазған арызы бойынша жауап келіпті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
“Батыс Қазақстан облыстық прокурорының атынан маған хат келді. Ол хат бұған дейін менің кезектен тыс Парламент сайлауына байланысты жазылған. Біздің облыста Ақсай деген қала бар. Ол жақта сайлау учаскесіндегі мұғалімдер урнаны ашып, төгіп жатқанда, бюллетеньдердің жартысы еденге шашылып қалды. Ал сайлау учаскесінің мүшелерінің бірі үстелдің астында тұрған қолданылмаған бюллетеньдерді де қосып жіберген. Комиссия мүшелері бұл фактіні реттеп, қолданылмаған бюллетеньдерді есептемеді және жойды”, – дейді Лұқпан Ахмедияров.
Ол сол фактілер бойынша прокуратураға арыз берген болатын. Енді сол арыз бойынша Батыс Қазақстан облыстық прокурорының бірінші орынбасары Дәурен Омарғалиев жауап берген.
Бөрлі аудандық прокуроры Мақатовқа, Батыс Қазақстан облысының полиция департаментінің бірінші орынбасары Жаншинге және арыз иесіне жауап берген.
“185-бап бойынша маған Ақсай қалалық 161 сайлау учаскесінде дауыс беруге байланысты заң бұзушылықтарға қатысты қылмыстық іс қозғалатыны туралы жауап берілді. Не үшін мен осы арызды жаздым. Өйткені кезінде украин халқы әділ сайлауды талап еткені белгілі. Олар арыз жазып, өз құқықтарын талап етіп, соны орындатты. Бізге де осындай әділдік керек”, – дейді журналист.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысындағы мәселелерді ашық жазып жүрген Ахмедьяровқа 2012 жылы қастандық жасалған еді. Сол кезде оны травматикалық тапаншамен атып, пышақпен жаралап кеткен болатын.
Бұл жолы Батыс Қазақстан облысынан Мәжіліске заңгер Абзал Құспан өтті.