Қазақстанда бір адамның иелігінде 1000-нан астам пәтер бар екені анықталды

Qaz365.kz редакциясы
Крыша

Қазақстанда бір жеке тұлғаның атына 1 015 пәтер тіркелген. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы TengriHOME басылымының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді. Ресми деректер елдегі тұрғын үй нарығының едәуір бөлігі ірі инвесторлардың қолында екенін растап отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

2026 жылғы 27 ақпандағы жағдай бойынша, Қазақстанда жылжымайтын мүлік иелерінің статистикасы мынадай:

  • 172 236 адамның – 2-ден көп;

  • 11 072 адамның – 5-тен көп;

  • 1 267 адамның – 10-нан көп;

  • 281 адамның – 20-дан көп;

  • 74 адамның – 50-ден көп пәтері бар.

Сарапшылардың пікірінше, нарықтағы көптеген мәмілелерді баспанаға мұқтаж жандар емес, пәтерлерді тұтас подъездерімен сатып алатын кәсіби инвесторлар жасайды. Бұл үрдіс қарапайым халық үшін баспана бағасының қолжетімсіз болуына тікелей әсер етуі мүмкін. Жалпы ел бойынша барлығы 3 470 289 пәтер тіркелген.

Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда бір тұрғынға шаққандағы тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіші орташа есеппен 25,1 шаршы метрді құрады. Бұл көрсеткіш қалалық жерлерде жоғары болса (27,4 м²), ауылдық аймақтарда айтарлықтай төмен (21,3 м²).