Ұстаздар мен дәрігерлерден де төмен: Ринат Зайытов алғашқы сауалын жалақыдан бастады

Qaz365.kz редакциясы

Ол сауалын вице-премьер Алтай Көлгіновке жолдады

gov.kz

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов төменгі палатадағы алғашқы сауалын мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеруден бастады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ол сауалын вице-премьер Алтай Көлгіновке жолдады. 

“Мемлекетіміздің идеологиясын дұрыс жүргізуде және отанымызды алыс-жақын шетелдерге таныстыруда мәдениеттің атқарып жатқан жұмысы аз емес. Республикамыз бойынша елеулі еңбек етіп жатқан 56 театр, 20 филармония, 267 мұражай, 3891 кітапхана бар. Ол аз десеңіз, Қазақстан бойынша қаншама мәдениет үйлері және тағы сол сияқты бірнеше өнер ұжымдары да бар. Ғ. Мүсіреповтің «Адам – өнерді қаншалықты жақсы көрсе, соншалықты қорғауға міндетті» деген насихат сөзі бар. Өкінішке қарай, біз бүгін мемлекеттің айнасы болып отырған мәдениет қызметкерлерін мүлдем ескерусіз қалдырудамыз”, - деді Ринат Зайытов.

Ол мәдениет саласының қызметкерлері дегеніміз – тек қана сахнада өнер көрсететін тұлғалар емес, солардың жағдайын жасап отырған сахна сыртындағы еңбек адамдары деп айтты.

“Олар мемлекетіне шынайы махаббатпен қарап, мәдениетке бар ықыласымен қызмет ететін: сахна техниктері, костюмерлер, гримерлер, жарық түсірушілер, дыбыстаушы деген сияқты мыңдаған адамдар. Жанға бататын бір жайт, бұл аталған қызметкерлер әлі күнге дейін санаты жоғарылап, жалақысы өсіп жатқан ұстаздар, дәрігерлер сияқты мамандар қатарынан де орын алған жоқ. Қазіргі таңда қай мекемені алсаңыз да мәдениет саласының қызметкерлерінің жалақысы 60 мың теңгеден басталып, 100 мың теңгеге жетер-жетпес межеден аса алмай тұр”, – деді депутат.

Ол еңбекақысының төмендігі білікті мамандардың жұмыстан өз еркімен кетіп, мәдениет ошақтарының жұмысын тұралатуға әкеліп соғады деп айтты.

“Құрметті Алтай Сейдірұлы, осы орайда, мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының қосымшасына мәдениет, архив және кітапхана қызметкерлерінің коэфиценттерін өзгертіп, жалақыларын өсірулеріңізді сұраймын”, – деді Ринат Зайытов.

Айта кетейік,  ол былтыр «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры болғанда да осы мәселені көтеріп бір топ шенеунікке хат жазған болатын.