Ақмола облысында жол жиегіне аударылып кеткен автобус шығарылды

Qaz365.kz редакциясы

Оқиға кезінде автобуста жолаушылар болмаған

Видеодан кадр

2026 жылғы 8 наурыз сағат 15:30 шамасында республикалық маңызы бар KAZ01 «Астана – Қарағанды – Алматы» автожолының 50-шақырымында жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оқиға Ақмола облысы Аршалы ауданы аумағындағы Анар станциясы маңында болған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, Астана бағытына қарай қозғалып келе жатқан автобус жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, салдарынан көлік жолдың жанына аударылып кеткен. Оқиға кезінде автобуста жолаушылар болмаған.

Оқиға туралы ақпаратты ЖПБ-47 жол учаскесінің шебері жеткізген. Хабарлама түскен бойда оқиға орнына ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясының жол қызметтері арнайы техникамен жедел жетті.

Жолшылардың үйлесімді әрі жедел әрекетінің нәтижесінде арнайы техниканың көмегімен автобус кюветтен шығарылды. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.

Қазіргі уақытта жол қызметтері республикалық маңызы бар автожолдарда тәулік бойы кезекшілік атқарып, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. Қажет болған жағдайда жол пайдаланушыларына жедел көмек көрсетіледі.