Ермұрат Бапи Жаңаөзендегі ереуілдер қашан тоқтайтынын айтты

Qaz365.kz редакциясы

Батыста жұмысшылар ереуілге шыққан болатын

Коллаж: Qaz365.kz

Мәжіліс кулуарында депутат Ермұрат Бапи еліміздің батыс өңіріндегі жұмысшылардың ереуіліне қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның айтуынша, мұнай өндіруші компаниялардың келісімшарттары қайта қаралса, мәселе шешіледі.

«Маңғыстау, Жаңаөзен өңірінде ереуілдер жиі қайталанып тұрады. Бұл жердегі басты мәселе кезіндегі Қазақстан мен шетелдік мұнай өндіруші компаниялар арасында жасалған келісімшарттардың әлеуметтік әділетсіздігінің салдырынан туындайды. Осы келесімшарттарды түгелдей қайта қарайтын уақыт келді. “Жаңа Қазақстан” деп жатырмыз ғой. Осыған байланысты, депутаттық сауал немесе басқа да инициативаның негізінде батыстағы мұнай өндіріп жатқан компаниялардың арасындағы келісімшарттарының мақсатын қарап шығу керек. Ішінен әділетсіздіктер тауып, оны шешетін болсақ, ереуілдер тоқтайды деген ойдамын», – деді ол.

4 сәуірде Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында "БерӘлі Маңғыстау Company" мұнай сервисі компаниясында жұмыс істеген 100-ден астам адам "Өзенмұнайгаз" компаниясының кеңсесі алдына жиналып, тұрақты жұмыс талап еткен болатын. Жиналғандар арасында краншылар, көтергіш машина жүргізушілері, шеберлер, жерасты ұңғымаларына жөндеу жүргізетін операторлар бар.