Биыл тағы 57 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр
2025 жылы аймақта білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында 55 әлеуметтік нысан бой көтерді, деп хабарлайды Qaz365.kz Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Жобалардың басым бөлігі білім беру саласында жүзеге асырылды. Жыл бойына Атырау қаласы мен аудандарда жалпы сыйымдылығы 8 600 оқушыға тең 9 мектептің құрылысы аяқталды. Бұл қолданыстағы білім беру мекемелеріндегі жүктемені азайтуға жол ашты. Бұған қоса, 330 орындық 3 балабақша пайдалануға беріліп, әсіресе ауылдық жерлердегі мектепке дейінгі білімді қолжетімді ете түсті. Сондай-ақ жалпы сыйымдылығы 400 орындық 2 өнер мектебі салынды.
Былтыр денсаулық сақтау саласында ауылдардағы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға баса назар аударылып, жыл қорытындысы бойынша 8 нысанның құрылысы аяқталды. Облыста фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер, сондай-ақ Атырау қаласында әрқайсысы 25 науқастан қабылдауға шақталған екі дәрігерлік амбулатория салынды. Жаңа нысандар тұрғындарға алғашқы медициналық көмекті тұрғылықты орнына таяу жерден алуға жағдай жасайды.
Мәдениет саласында 10 жаңа нысан салынды. Облыстың елді мекендерінде жаңа мәдениет үйлері бой көтеріп, мәдени іс-шаралар өткізуге, шығармашылық ұжымдарды шыңдауға және тұрғындардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Спорт инфрақұрылымын дамыту да басым бағыттардың бірі болды. 2025 жылы 23 спорт нысаны салынды. Оның қатарында балаларға, жастар мен ересектерге арналған заманауи спорт кешендері, және спорт алаңдары бар. Жобалар Атырау қаласында да, облыс аудандарында да жүзеге асырылды.
Осы жылы өңірде тағы 57 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл әлеуметтік инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын одан әрі жақсартуға мүмкіндік бермек.