Алматы облысында күтушіге қалдырған екі жасар бала қайтыс болды

Qaz365.kz редакциясы

Күтуші оған 5-6 айдан бері қарап жүрген

ашық дереккөзден

Алматы облысында күтуші әйелдің үйінде қалған бала қайтыс болды. Полиция адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Qaz365.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, биыл 25 наурызда Талғар аудандық полиция бөлімінің кезекшісіне әйел адамнан арыз түскен. Ол екі жасар баласы 30 жастағы күтушіге қалдырғанда қайтыс болғанын айтып, оған шара қолдануды сұраған.

"Азаматша Ш. (бала күтуші) табыс табу мақсатында 5-6 ай бойы осы отбасында бала күтуші ретінде жұмыс істеген. Бұл факт ҚК-нің 141-бабының 2-бөлігі "балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау" бойынша тіркелді. ​2023 жылғы 26 наурызда қылмыстық құқықбұзушылықты ҚК - нің 99-бабының 3-бөлігіне ("кісі өлтіру") қайта саралау туралы шешім қабылданды", –  деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Бүгін Талғар аудандық полиция басқармасының тергеушісі прокуратураға күдіктіні екі айға қамауға алуға өтінішхат жолдады. Оның өтініші тергеу сотына жіберілді.

Қазіргі кезде сотқа дейінгі шаралар жалғасып жатыр, бірнеше сараптама тағайындалды.