Нұрай Серікбайды өлтірді деген күдікті жындыханаға жатқызылды

Qaz365.kz редакциясы
әлеуметтік желіден

Шымкент қалалық Полиция департаменті Нұрай Серікбайды айуандықпен өлтірді деп айыпталған күдіктінің қазіргі уақытта психикалық ауытқуы бар жандарға арналған арнайы мекемеде жатқанын мәлімдеді. Күдіктіге қатысты кісі өлтіру, некеге тұруға мәжбүрлеу және сталкинг (артынан аңду) фактілері бойынша тергеу амалдары жалғасуда, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ведомство мәліметінше, күдіктіге екі рет сот-психиатриялық сараптама жүргізілген. Екі тексеріс те оның психикалық дертке шалдыққанын растады. Осыған байланысты ол мамандандырылған мекемеге мәжбүрлі түрде емделуге жіберілді. Полиция күдікті емделіп шыққаннан кейін тергеуді жалғастыру үшін қайтадан тергеу изоляторына кезең-кезеңмен жеткізілетініне сендірді.

Алайда марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай күдіктінің кенеттен «есінен ауысуын» жазадан жалтарудың амалы деп санайды. Ол күдіктінің әрекеттерінен симуляция белгілері байқалатынын айтты.

«Алғашқы тексеріс Шымкентте өтті, оған сенбей Алматыда қайта тексеруді талап еттік. Онда да сондай қорытынды берілді. Менің білуімше, ол қазір Шымкентте емес, Талғардағы психиатриялық орталықта жатыр», — деді ол.

Полиция тергеушілердің жәбірленуші тараппен тұрақты байланыста екенін және қабылданған әрбір процестік шешім бойынша түсініктеме беріліп отырғанын алға тартты. Сараптама нәтижелері мен істің барысы заң шеңберінде туыстарына таныстырылуда.