FlyArystan жазғы маусымда Астанадан Кутаисиге рейстер санын арттырады

Qaz365.kz редакциясы
ашық дереккөзден

Қазақстандық лоукостер FlyArystan Астана – Кутаиси – Астана бағыты бойынша рейстер кестесіне өзгерістер енгізілгенін мәлімдеді. 2026 жылғы 1 маусым мен 31 тамыз аралығында рейстер аптасына екі рет – дүйсенбі және сәрсенбі күндері орындалады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Астана FlyArystan халықаралық маршруттық желісіндегі негізгі базалардың бірі болып қала береді. Жазғы маусымда әуекомпания жолаушыларға Қазақстан астанасынан Батуми, Газипаша, Ташкент және Ыстықкөлге (Тамшы) тікелей рейстер ұсынады. Бұл өңір бойынша саяхаттауға ыңғайлы әрі икемді мүмкіндіктер қалыптастырады.

Бұған дейін әуекомпания Грузияның тағы бір танымал туристік қаласы – Батуми бағыты бойынша рейстер жиілігінің артатынын хабарлаған болатын. Астанадан Батумиге тікелей рейстер 2026 жылғы 2 маусым мен 29 тамыз аралығында орындалады. Ал 25 маусымнан бастап рейстер жиілігі аптасына екіден үш ретке дейін ұлғайып, сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері орындалатын болады.

Барлық бағыттар бойынша билеттер FlyArystan мобильді қосымшасында, www.flyarystan.com ресми сайтында, сондай-ақ өзге де сату арналары арқылы брондауға қолжетімді. Лоукостер моделі жолаушыларға сапар құнын өз бетінше қалыптастыруға мүмкіндік береді – қажетті қосымша қызметтерді алдын ала, брондау кезінде таңдауға болады. Стандартты тарифке ұшақ бортындағы кездейсоқ орын және салмағы 7 кг-ға дейінгі (өлшемі 56 × 23 × 36 см-ден аспайтын) бір дана қол жүгi кіреді.