«Артемида-2» миссиясының экипажы дүйсенбі күні Жерден ең алыс қашықтыққа ұзап, Айдың арғы бетінен ұшып өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Осылайша, қазіргі астронавтар 1970 жылы «Аполлон-13» кемесі орнатқан тарихи рекордты жаңартты.
НАСА мәліметінше, «Аполлон-13» экипажы Жерден 400 171 шақырымға ұзаса, «Артемида-2» бұл көрсеткішті 406 771 шақырымға жеткізді. «Орион» ғарыш кемесі Айдың арғы бетінде 40 минут болып, серік бетінен небәрі 6 550 шақырым биіктікте ұшты. Осы уақыт аралығында астронавтар Ай бетін егжей-тегжейлі суретке түсіріп, кратерлер мен қатып қалған лава ағындарының карандашпен эскиздерін салып үлгерді.
Бұл миссияның басты мақсаты — Айдың геологиялық құрылымын зерттеу және болашақ экспедициялар қонатын орындарды анықтау. Ғалымдарды әсіресе мұз қоры болуы мүмкін полярлық аймақтар қатты қызықтырады. Астронавтардың жарық пен көлеңке ойынын бақылауы арқылы болашақ миссияларды жоспарлаушылар қай беткейлердің қауіпті екенін және қай тегіс алқаптардың қону аппаратының салмағын көтере алатынын нақтылайды.
Сонымен қатар, зерттеушілер күн радиациясы мен электростатикалық күштер әсерінен көтерілетін «ай шаңын» бақылауды қолға алды. Бұл қатты бөлшектердің беткі қабатта қалай қозғалатынын түсінуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта тарихи миссияны орындаған астронавтар Жерге қайту бағытына түсті.