Ұлттық құрылтай: «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы алғыс иеленді

Qaz365.kz редакциясы

«QazaqGaz Aimaq» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы қаңтарда Сыр бойын дүбірге бөлеген Ұлттық құрылтай отырысының жоғары деңгейде өтуіне белсене атсалысты. Осылайша 2 күн үздіксіз қызмет атқарған 10 газ маманы облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жауапты шара барысында қалыпты тіршіліктің арнасынан ауытқымауын назарда ұстаған олар өзге коммуналдық ұйымдардағы еңбек адамдары қатарында марапатталды.

«Жалпы, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы, 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымын табысты аяқтап, жоспарланған жұмысты толық көлемде, кейбірін алдын ала белгіленген кестеден бұрын орындады», - дейді филиал директоры Нұрлан Шаухаманов.

Қазіргі уақытта Қызылорда облысы бойынша газдандырылған абоненттердің жалпы саны 167 236-ны құраса, оның ішінде тұрғындар, яғни жеке тұлғалар саны – 162 753, коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындар – 4 233, ал өнеркәсіптік кәсіпорындар – 250 болып отыр.

Қысқа дайындық шеңберінде 58 дана газ реттеу пунктіне (ГРП) және 350 дана шкафтық реттеу пунктіне (ШРП) ағымдағы жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар, ажырату құрылғыларына техникалық қызмет көрсетіліп, газ тарату желілерінде диагностикалық жұмыстар атқарылды.

«Пергам» жылжымалы зертханасын пайдалану арқылы 2 528 км газ тарату желілеріне диагностика жасалды. Заманауи жабдықтарды қолдану ықтимал қауіпті учаскелерді уақтылы анықтауға және апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік берді.

2025 жылғы қазан айынан 2026 жылғы сәуір айына дейінгі жылу беру маусымы кезінде Қызылорда өндірістік филиалының апатты-диспетчерлік қызметіне 1 817 өтінім түссе, олардың барлығы уақытылы және жедел түрде өңделді. Тұрғындар филиал қызметкерлерінің кәсіби жұмысына өз алғысын білдіруде.

Айрықша атап өтер жайт, Арал ауданында Шижаға, Шиелі ауданында Ортақшыл, Жансейт, 21-бекет, Қазалы ауданында Ақтан батыр, сондай-ақ Қызылорда қаласына қарасты Баймұрат батыр, Талдыарал, Төрттам, Сабалақ елдімекендері газ желісіне қосылды. Нәтижесінде 12 мыңнан астам тұрғынға көгілдір отынға қол жеткізуге мүмкіндік туды. Бұдан тыс, жылу беру кезеңінде Қызылорда өндірістік филиалының газ тарату жүйесіне 4 200 жаңа тұтынушы қосылып, өңірдегі газбен қамту деңгейі одан әрі артты.