Петропавлда пәтер иесі үйін «тек славяндарға» беруге шешім қабылдаған

Qaz365.kz редакциясы

Бұл хабарландыру қазақстандықтарды ашуландырды

Станислав Тихомиров / ТАСС

Әлеуметтік желілерде Петропавлда пәтерді жалға беру туралы хабарландыру сайтынан алынған скриншоттар пайда болды. Пәтер иесінің шартының бірі ұлтқа қатысты еді. Үй егесі баспанасын беру үшін «парасатты славяндарды» іздеген деп жазады Facebook қолданушысы Ораз Тоқбатыров, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Пәтер жиһазбен, тұрмыстық техникамен жалға беріледі, коммуналдық қызмет пен риэлтордың ақысын қоспағанда айына 90 мың теңге төлеу керек. Алайда қазақстандықтарды баға емес, хабарландырудың сипаттамасы қызықтырды. Олар автордың таңдауына ашулы.

«Мұндай хабарландыру жазылатындай, қаламыз Мәскеу емес сияқты еді. Қазақстанда осындай хабарландырулар жариялауға жол берілмеу керек деп санаймын! Ұлттық, діни, нәсілдік белгілері бойынша жарнама жасайтындар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылуға тиіс», - деп жазды скриншот авторы.

Біз сайттан осыған ұқсас екі жарнама іздедік. Олардың бірінде пәтер 10 мың теңгеге қымбаттапты. Сипаттамадағы «парасатты славяндардан» тек «славяндар отбасы» қалыпты. Екіншісінде мұндай талап толығымен алынып тасталған екен.