Биометриялық сәйкестендіру бірнеше жағдайда міндетті болады
2026 жылдың 12 шілдесінен бастап Қазақстанның екінші деңгейлі банктері бірыңғай биометриялық стандартқа көшуді бастайды. Жаңа ережеге сәйкес, бұдан былай маңызды банк операцияларын растау үшін тек SMS-код пайдалану жеткіліксіз болады. Клиенттер бет-әлпетін (Face ID) немесе алақанын сканерлеу арқылы қосымша тексеруден өтуге міндетті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Егер жүйе клиенттің бет-әлпетін немесе биометриялық деректерін қатарынан үш рет танымаса, операция автоматты түрде бұғатталады. Бұл шара қаржылық қауіпсіздікті күшейту және киберқылмыскерлердің бөгде адамдардың шотына қол сұғуын болдырмау мақсатында енгізіліп отыр.
Биометриялық сәйкестендіру бірнеше жағдайда міндетті болады: банк қосымшасына алғаш тіркелгенде, ірі онлайн несие рәсімдегенде, электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алғанда немесе жеке деректерді жаңартқан кезде. Жаңа талаптар тек жаңа клиенттерге емес, бұрыннан бар пайдаланушыларға да қатысты. Атап айтқанда, егер клиент жаңа құрылғыдан (смартфоннан) кірсе немесе күмәнді ірі транзакция жасаса, жүйе қайта тексеруді талап етуі мүмкін.
Мамандардың пікірінше, бірыңғай стандарттың енгізілуі банк секторындағы алаяқтық деректерін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл жүйе клиенттердің жеке деректерін қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етпек.