Зардап шегушіге тиісті медициналық көмек көрсетіліп, зерттеулер жасалды
Қызылорда облысы Қазалы ауданының дәрігерлері аяусыз соққыға жығылған жасөспірімнің жағдайын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бас-ми жарақатын алған 15 жастағы студент “жедел жәрдеммен” ауруханаға 6 сәуірде жеткізілген.
"Жәбірленуші дереу аурухананың қабылдау бөлімінде қаралып, бас-ми жарақатымен хирургиялық бөлімшеге жатқызылды. 8 сәуірде ата-анасының өтініші бойынша ол Қазалы аудандық теміржол ауруханасына жатқызылды. Қазір зардап шеккен жасөспірім ауруханада емделіп жатыр. Жалпы жағдайы тұрақты және ауыр. Қажетті медициналық шаралар жалғасын табады. 8 сәуірде аудан әкімі мен облыстық білім басқармасының басшысы келіп, зардап шеккен кәмелетке толмаған баланың жағдайымен танысты", - делінген хабарламада.
Дәрігерлердің айтуынша, зардап шегушіге тиісті медициналық көмек көрсетіліп, бас сүйегінің рентгенографиясы мен компьютерлік томографиясы жасалып, іш қуысының, бүйректің ультрадыбыстық зерттеуі жүргізілген. Сондай-ақ ол невропатолог пен офтальмологқа қаралып, нейрохирургтың кеңесін алған.
Оқиғаға Қазалы аудандық әкімдігі жауап берді. Әкімдіктің ресми жауабында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатқаны айтылған.
"Төбелеске қатысушылар анықталды. Олардың барлығы - Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейдің кәмелеттік жасқа толмаған оқушылары", - делінген әкімдік хабарламасында.
Бұл факт бойынша тергеу басталды.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде Қызылорда облысында жасөспірімнің аяусыз соққыға жығылғаны түсірілген видео тараған болатын. Видеода екі адамның жерде жатқан жігітті ұрып жатқаны көрсетілген. Олар жігітке "ұйықта" деп соққы мен тепкінің астына алады. Осы оқиғаға байланысты белгілі ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса өз пікірін білдіріп, қылмыстық істі Бас прокурор мен Ішкі істер министрінің қатаң бақылауға алуын талап еткен болатын.