Соққыға жыққан балалардың ішінде отставкадағы полиция қызметкерінің ұлы да бар екені анықталды
Қызылорда облысы, Қазалы ауданындағы жасөспірімдер арасындағы төбелестің орын алуына байланысты, аудандағы бірқатар сала басшылары қызметтен алынды деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте облыстық білім басқармасының М. Шермағанбет, денсаулық сақтау басқармасының бастығы О. Искаков, полиция департаментінің бастығының бірінші орынбасары Ш. Амитов БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбеттің айтуынша, әкімшілік қадағалауды өз деңгейінде үйлестірмеген және кемшіліктерге жол берген Қазалы ауданындағы №70, №266 мектеп-лицейлерінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары жұмыстан босатылып, директорларына қатаң шара көрілетін болады.
“Сонымен қатар, Қазалы аудандық білім бөлімінің басшына қатаң сөгіс беріліп, басқа да жауапты мамандардың жауапкершілігі қаралатын болады”, — деді басқарма басшысы.
“Баланың денсаулық жағдайына келетін болсақ, облыстық көпбейінді ауруханасының дәрігерлері толық бақылауға алып, бүгінде жағдайына қарай тиісті ем-шараларын Қазалы теміржол ауруханасында алуда. Баланың жағдайы толық айыққанша бақылауда болады”, – деді денсаулық басқармасының бастығы Олжас Искаков.
Брифинг барысында полиция департаментінің бірінші орынбасарына журналистер тарапынан сауалдар өте көп болды.
Соның ішінде полиция департаменті тарапынан “жаңбыр кезінде жығылып құлап, басымды жарақаттап алдым” деген ақпараттың не себепті тарап кеткені сұралды.
“Жаңбырдан кейін тайып құладым” деп баланың өзі айтқанын, ағасы мен баланың соққыға жыққандардың үстінен арыз жазбағанын айтты.
“Қызметіне салғырттық танытып, жедел іс-әрекеттер жасамағаны үшін Қазалы аудандық полиция бөлімінің басшысы Болат Кабизов қызметінен кетті және 10 қызметкерге қатаң сөгіс жарияланды. Жеткіншектер арасындағы кикілжіңнің не себепті шыққанын тергеу амалдары анықтайтын болады. Бүгінде бұзақылық жасаған 3 жасөспірім уақытша ұстау изоляторында. Кәмелет жасына толмаған оқушылардың ата- аналарына да тиісті жаза тағайындалатын болады”, – деді полиция департаментінің бірінші орынбасары Шәмшиддин Амитов.
Айта кетерлік жайт, соққыға жыққан балалардың ішінде отставкадағы полиция қызметкерінің ұлы да бар екені анықталды.
Аяусыз тепкінің астында қалған Қуандық Сәбитұлының анасы баласын соққыға жыққандарға әділ жаза тағайындалуын сұрайды.
Айдың-күннің аманында бүкіл елді дүрліктергендердің қылмысы анықталған жағдайда кінәлілерді 5-8 жыл аралығында темір тордың ар жағында жаза күтіп тұр.