5 азамат әкімшілік жауапқа тартылған
11 сәуірде Астанада энергетика министрлігі алдында барлығы 126 адам ұсталған. “Айрықша белсенділік көрсеткен” 5 азамат “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу” бабымен әкімшілік жауапқа тартылған. Бұл туралы бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қазір наразылардың барлығы босатылып, өз өңіріне қайтарылған.
“Білуімше, қазір олар жолда. “БерӘлі Маңғыстау company” мекемесінің бұрынғы жұмысшыларының 10 өкілі осында қалды. Олар “ҚазМұнайГаз” және энергетика министрлігі өкілдерімен құқықтық шеңберде келіссөз жүргізеді”, – деді Өмірәлиев.
Ал Жаңаөзенге келетін болсақ, Өмірәлиевтің айтуынша, 30-40 адам ұсталған. Сондай-ақ ол бұл оқиғаның Астанадағы ереуілге ешқандай қатысы жоқ дейді.
“Жаңаөзенде бұл мәселе бойынша ешкім ұсталған жоқ. Шамамен 1-2 сағат бұрын ұсталғандардың бұл жағдайға ешқандай қатысы жоқ. Бұлар жол қозғалысына бөгет жасағаны үшін ұсталды. Менің білуімше, олардың талаптары өздерін жұмысқа орналастыру бойынша. Оларға да заңды түсіндірме жүргізіліп, қайтарылды”, – деді ол.