Пакеттің ішіндегі басты көрген саудагерлер бірден полиция шақыртқан
Алматыда жантүршіктіретін жағдай. Бетперде киген бәзбіреу адамның басы салынған пакетті базарға тастап кеткен. Шұжық дүкенінің сатушылары затын ұмытты екен деп, ер адамның соңынан сыртқа шықса, ол ізім-ғайым жоғалған, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі ktk.kz-ке сілтеме жасап.
Пакеттің ішіндегі басты көрген саудагерлер бірден полиция шақыртқан. Ал марқұмның денесі басқа жерден табылды. Тәртіп сақшылары өлген әйелдің кім екенін анықтады. Әдетте ығы-жығы базардың көшесінде бүгін ұшқан шыбынның ызыңы естілмейді. Полиция жолдың екі бетін де жауып тастаған. Басты назар қоршауға алынған аумақтағы жерде жатқан пакетте. «Ішіндегісі бас па?» деп сұрасақ, саудагерлер үнсіз бас шұлғиды.
Саудагер Алдияр Әбиболла – күдіктіні өз көзімен көрген куәгердің бірі.
- Күдікті осы жерде жүрді, көзілдірік киіп, маска тағып алған. Аспан түстес көк курткамен ары-бері жүрді. Пакетті ол біздің қасымыздағы дүкенге тастады. Дүкеннің ішіне қойып кеткен. Келген адам күдікті болып көрінген соң, сатушы күзетші мен контролерді шақырды, – деді Алдияр Әбиболла.
Сосын сыртта тексеріп ашып қараса, адамның басы. Күдікті қолындағы пакетті шамамен 12-нің шамасында шұжық сататын дүкенге тастапты. Оған дейін базар ішін ары-бері 3-4 рет айналып жүрген көрінеді. Пакетті ашқанда, ішіндегі басты көріп, шалқасынан түсе жаздаған сатушының бозарған бетіне әлі қан жүгірмегендей. Өз-өзіне келе алар емес. Бас табылған базардан 300 адым жердегі Сейфуллин мен Шолохов көшелерінің қиылысындағы саябақтамыз. Әлеуметтік желіде жайсыз жаңалықты естіп, жағасын ұстаған жұртшылық арасынан оқиға куәгеріміз дегендер табылды. Кейбіреуінің айтуынша, марқұмның денесі осы аумақта табылған. Алайда, әзірге полиция бұл қылмыстың мән-жайы туралы ашып айтпады. Әлеуметтік желіде басы кесілген мәйіттің фотосы тарады. Полиция ресми растады. Саябақ маңындағы қараусыз қалған ғимарат жанынан таңғы 9 шамасында әйелдің мәйіті табылған. Жеке басы анықталды. 1976 жылы туған әйел бұрын бірнеше рет сотталыпты.
- Тұрақты тұрғылықты жері жоқ, бұрын есірткі қылмысы үшін бірнеше рет сотталған. Біраз уақыттан кейін сол маңдағы сауда орындарының бірінен әйелдің басы табылды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Түрксіб аудандық полиция Басқармасымен ҚР ҚКнің 99-бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қылмысты ашуға және оның мән-жайын анықтауға бағытталған жедел іс-шаралар кешені жүргізілуде, – деп түсінік берді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Сұмдық қылмысқа барған, онымен қоймай, базарда бас салынған пакетпен емін-еркін тайраңдаған күдікті қолға түспеді. Оның жеке басын анықтадық деген полиция әзірге ақпарат таратпады.