Ол жерде сарбаз өзінің жазықсыз екенін жазған
2022 жылдың 22 сәуірінде Жамбыл облысы Отар ауылында орналасқан әскери бөлімде маңғыстаулық сарбаз Әлібек Қалбай қайтыс болды. Оның әскерге барғанына небәрі 4 күн болған. Қалбай сапта тұрған кезде кенеттен есінен танып құлаған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Халық үніне сілтеме жасап.
Содан кейін марқұмның өліміне кінәлі деген күдікпен әскерге бір уақытта барған 18 жастағы атыраулық сарбаз Айболат Аманжолов қамалды.
Тергеу және сот процесі бір жылға жуық уақытқа созылды. Сол аралықта іс бір рет қайтадан тергеуге жіберілді. Соңында 2023 жылдың 10 сәуірінде Алматы гарнизоны әскери сотында сарбаз Аманжолов 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкімге марқұмның туған-туысы да, сотталушы сарбаздың ата-анасы да қарсы шықты. Олар екі жігіттің жақсы қарым-қатынаста болғанын, небәрі төрт күннің ішінде мұндай әрекетке баруы мүмкін емес екенін айтады.
Сотталған атыраулық сарбаз – көпбалалы отбасының тұңғышы. Сарбаздың анасы Айнұр Төлемісова Halyq Uni тілшісіне сот барысындағы қиындықтар мен әрі қарай қалай әрекет ететінін айтып берді.
“Күйеуіммен бірге пойызбен Астанадан Атырауға қайтып жатырмыз. Ұлыммен үкім шыққан күні түнде кездестім... Үкіммен екі жақ та келіспейміз. Жәбірленуші тарап та, біз де келіспейміз. Олар да, біз де апелляциялық шағым түсіреміз, одан кейін Жоғарғы сотқа жазамыз деп дайын отырмыз. Соңына дейін барамын. Біз де түсінбей қалдық. Ешқандай дәлелсіз, бір адамның сөзіне сүйеніп қамап тастады”, - дейді сотталған сарбаз Аманжоловтың анасы.
Айтуынша, енді отбасыға білікті адвокат қажет.
“Бірінші адвокатымыз Сержан Пірәлиев болды. Желтоқсанда ол кісіге төлейтін қаражат таба алмай қалдық. Ол кісі бас тартты. Содан кейін мемлекеттік адвокат алдық. Бізге қазақша түсінбейтін маманды берді. Ол 2 отырысқа қатысты. Содан кейін телефон қоңырауына жауап бермеді. Содан кейін адвокат Жанар Нүсіпбаеваны таптық. Ол кісі де “істі аламын, бірақ кепілдік бермеймін” деді.
Ешқандай әділдік жоқ. Үкім дайын тұрған екен. Бәрі жоғарыдан келіп жатыр. Бәрін бір ай бұрын дайындап қойыпты. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов пен Бас прокурор Берік Асылов келіп жатқан бұйрық екенін естідім”, - дейді анасы.
9 жылға сотталған Айболат Аманжоловтың анасы редакцияға ұлының өлеңін жолдады. Ол жерде сарбаз өзінің жазықсыз екенін жазған. Өлең мәтіні өзгеріссіз жарияланды:
Армысының ана, аманбысың жан әке
Жазықсыздан жарылғам тұр мен міне
Елігіп айтсам ең ақырғы сөзімді,
Өлтіргем жоқ мен ешкімді
Аспан куә, тау-тасың куә,
Қалса одан әруақ Әлібек...
***
Байқадың ба ана, самайды ақ басқанын
Ерте есейіп қалғанын сенің балаңның
Тозақтай болып өмірде бұл жалғанның
Күйдіріп жанды ашытып бара жатқанын
***
Отан үшін ел қорғауға келгем мен
Солдат болам ер-жігіт боп елге қайтам дегенмін
Бірақ айнала тұнған қара түсті тастардың
Білмеппін көміліп астында қалғанымды мен
***
Қара бұл та кетпеді менің төбемнен
Ол да сұмдық бір арам ойды сезгендей
Бұлт артынан күннің де бір шығарын
Білсем де мен, сағымдай алыс болып кетпегін
***
Алла алдында ант беремін қасиетті ораза айында
«Өлтіргем жоқ», бұл мендегі бар шындық
Егер де мен қаралыққа жол берсем,
Ағып түссін көзімдегі қарашық
***
Неге мені, неге мені шеттетіп «әлгі» таңдады
Біле ме әлде артымда «дәу көкем» жоқ екенін
Тәлкекке түсіп кетпесе екен тағыдырым,
Құрбан болған жазықсыз Сәбира мен Қайраттай...