Кезегің келгенше өліп кетесің: үш ауылдың тұрғындары бір емдеу пунктіне қаралуға мәжбүр

Qaz365.kz редакциясы

Ақ халаттылар адам емдеуден басқа, қыста пеш жағып, көмір кіргізеді

Үш ауылға бір емдеу пункті. Алматы облысының тұрғындары елді мекенде маман жетіспейді деп шағым айтты. Себебі амбулатория қызметкерлері түске дейін ауылға, түстен кейін ауданға сандалып, дәрі-дәрмек тасиды, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Тегін қараламыз деген тұрғындар 3 ауылға бір медициналық мекеме ғана қызмет көрсетеді деп наразы. Өйткені кезегің келгенше түс болады, түстен кейін емделуге кеш болатынын айтады. Ол аздай, ақ халаттылар адам емдеуден басқа, қыста пеш жағып, көмір кіргізеді.

«Тегін қараламын деп, кезек күтіп жүргенде, өліп қаласың. Қаншама адамды бір емдеу пункті қамтамасыз ете алмайды ғой. Ол суық, дәрігер өзі отын жағады. Былтыр қаншама ақша бөлінді, жөндеу жұмысы жасалған жоқ», – деді Еңбек ауылының тұрғыны Жеңіс Терлікбаев.

Маман тапшылығы мәселесінің барын мұндағы медициналық мамандар да растап отыр. Дәрігер тозығы жетіп, сыз тартқан аядай бөлмені өзі жөндеп жүрген көрінеді.

«Еңбек ауылына барамын. Сосын Есіктен дәрі-дәрмек әкелемін. Басқа кім әкеліп береді. Интернет жоқ. 2012 жылдан фельдшер болып істеп жатырмын. Бұл жер құлайын деп тұр», – деді Өрнек ауылының фелдшерлік пунктінің мейірбикесі Мехрибану Сасикова.

Өрнекке жақын маңдағы Еңбек ауылында да кішігірім медициналық мекеме бар. Бірақ бұл жерде де жағдай мәз емес. Маман тапшы, мекеме деп берілген үйдің тозығы жеткен. Арызын айтқан ауыл адамдарының өтінішімен медициналық орынға бас сұқпақ болдық. Алайда мұндағы ақ халаттылар бізді қуана қарсы ала қоймады.

«Осы медициналық пункт  үш елді мекенге арналған. Еңбек, Өрнек, Дендрарий ауылдарының тұрғындары тіркелген. Өрнек ауылындағы жағдайды көрдіңіз. Түске дейін сонда қаралсақ, түстен кейін осында келеміз», – деді Еңбек ауылының тұрғыны Шырынгүл Тоқтақынова.

Ал өзін осындағы амбулаторияға жауаптымын деп таныстырған азамат қызметіне жуырда кіріскен. «Барынша жұмыс атқарылып жатыр» деп сендірді. Дәрігердің айтуынша, ауыл адамдары қайда барып емделсе де, өз еркі.

«Қазір 7 қызметкер бар. Кіші мейірбике, орта мейірбике және дәрігер, мен. Кезекпен келсін, уақытылы қабылдаймыз. Ал шұғыл жағдай орын алса, қабылдау бөлімінде тексереміз. Ақтоғай мен Өрнек ауылына жақын, ортақ болған соң, осы жерді белгіледік», – деді Балтабай ауылы фельдшерлік-амбулаторлық пунктінің дәрігері Олжас Тілеуов.

«Жаңағы үш ауылға Өрнек те кіреді. Ішінде модульдік емхана қарастырылған. Аудандық аурухананың қызметкерлері осы жұмыспен айналысып жатыр. Біз тек салынатын жерін дайындап отырмыз», – деді Балтабай ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Cәуле Әліпова.

«Мәселеміз естір құлаққа жетсе, түйткіл шешілер еді», - дейді жиналған жұрт. Десе де, ел жақсы жаңалықтан үмітті.