Қосшыда 65 млн теңгенің жер учаскесі мемлекетке қайтарылды

Qaz365.kz редакциясы

Жер қайтару шартымен ЖШС-ке уақытша пайдалануға берілген

aikyn.kz

Ақмола облысы, Қосшы қаласы прокуратурасының араласуымен мемлекетке құны 65 млн теңге болатын жер учаскесі қайтарылды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Мәлім етілгендей, Қосшы ауылдық округі әкімінің өкімімен 2016 жылғы тамызда жауапкершілігі шектеулі серіктестікке (ЖШС) ауданы 3,2778 гектар жер қайтару шартымен уақытша пайдалануға берілген. Осы өкімнің негізінде ЖШС мен Целиноград ауданының жер қатынастары бөлімі арасында тиісті шарт жасалған.

Анықталғандай, бес жылдан кейін ЖШС құны 65 млн теңге болатын жер учаскесін жалға алу құқығын өзге кәсіпорынға 120 млн теңгеге сатып жіберген.

«Жалдау мерзімі бірнеше рет ұзартылды. Алайда, 2016 жылдан бері кәсіпорын жер учаскесін нысаналы мақсатта пайдалану бойынша бірде-бір әрекет жасамаған. Құжаттарға сәйкес, ЖШС ол жерге тұрғын үй кешенін салуды көздеген.

Кадастрлық құны 65 млн теңге болатын жер учаскесі Қосшы қаласының орталығында орналасқан және жоғары инвестициялық тартымдылығы бар.

Мұндай тұжырымды 2021 жылы ЖШС жерді жалдау құқығын басқа заңды тұлғаға 120 млн теңгеге сатып жібергенінен жасауға болады.

Алайда, қадағалау органы жер учаскесі ҚР Жер кодексінің 48-бабының нормаларын бұза отырып, атап айтқанда, сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) өткізілмей берілгенін анықтады», - делінген хабарламада.

Осыдан кейін прокуратураның ұсынысымен Ақмола облысының Жер ресурстарын басқару департаменті (департамент) жалдау шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап-арыз енгізген.

«Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 7 қарашадағы шешімімен департаменттің талап арызы жерді мемлекетке қайтарумен толық көлемде қанағаттандырылды. Бұл шешім 2023 жылғы 16 ақпанда заңды күшіне енді.

Қосшы қаласы әкімдігінің мәліметі бойынша осы жер учаскесінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде мектеп салу жоспарланады», - делінген Бас прокуратура мәліметінде.