Алматыда Мәжіліс депутаттығына кандидат болған белсенді митинг үшін ұсталды

Qaz365.kz редакциясы

Бұған дейін Алматыда "Халық парламентінің" мүшелері мен бірқатар белсенді 15 тәулікке қамалып, кейбіріне айыппұл салынған

Белсенді Мәдина Көкетаеваға полициядан келген шақыру қағазы. 14 сәуір, 2023 жыл

Алматыда полиция тағы бір белсенді, Мәжіліс депутаттығына кандидат болған Мәдина Көкетаеваны ұстады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі azattyq.org-ке сілтеме жасап. Бұл жөнінде белсендінің әріптесі Жібек Әменова хабарлады. Белсендіні Бостандық аудандық полиция басқармасына әкеткен.

“Полицияның шақыру қағазында 14 сәуірде сағат 17.00-де келсін деп жазылған. Бірақ оны одан ерте ұстап әкетті. Әкімшілік іс деп көрсетілгенімен, нақты қай митингіге байланысты екені айтылмаған”, – деді Жібек Әменова.

Бұған дейін Алматыда "Халық парламентінің" мүшелері мен бірқатар белсенді 15 тәулікке қамалып, кейбіріне айыппұл салынған. Олар әділетсіз сайлауға қарсы 9 сәуір күнгі митингіге қатысқан.

Әкімшілік жауапқа тартылғандар арасында Әлнұр Ілияшев, Мұхтар Тайжан, Асылбек Қараев, оралдық журналист, Мәжіліс депутаттығына кандидат болған Лұқпан Ахмедияров, астаналық саясаткер Нұржан Әлтаев, қоғам белсендісі, "Халық парламентінің" мүшесі Рысбек Сәрсенбайұлы бар.