“Сендер амандаспай жүрсіңдер": Алматы облысында оқушылар арасындағы әлімжеттіктен екі бала өлді

Qaz365.kz редакциясы

Қаралы отбасылар жасөспірімдердің қазасына 11-сынып оқушысын кінәләп отыр.
 

Видеодан кадр

Алматы облысында оқушылар арасындағы әлімжеттік кесірінен екі бірдей бала бақилық болды. Қаралы отбасылар жасөспірімдердің қазасына 11-сынып оқушысын кінәләп отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ktk.kz арнасына сілтеме жасап.
Айтуларынша, озбыр оқушы өзінен бір-екі сынып төмен оқитын балаларды сапқа тұрғызып, кезек-кезек төмпештеген. Бір соққы Мирас Әскербайдың дәл жүрек тұсына тиіп, бозбала тура сол жерде жан тапсырыпты. Мирастың жаназасынан кейін, яғни кеше түнде бірге таяқ жеген досы Дастан Нұрлыбай қорасында асылып қалған. Полицейлер 17 жастағы күдіктіні ұстады. Қазір тергеу жүріп жатыр. Саты ауылындағы сұмдық жағдай қалай болған?

- Түтіп жеп, тұс-тұстан талауға әзір, арам да, алаяқ та араңда жүр. «Алланың өзі қорғап-қолдамаса, адамды аямайды адам қазір» деп бекер шығармаған екен, – дейді ауылдастары.

Кеген ауданына қарасты Саты ауылында үш күннен бері ел-жұрттың көз жасы тыйылмады. Бірінен кейін бірі бақилық болған оқушылардың жаназасы кезек-кезек өтті. Дәм-тұзы ерте таусылған 10-сыныптың екі оқушысы. Біріншісі — Мирас Әскербай, екіншісі – Дастан Нұрлыбай.

- Бізге 11-сыныптың ұлдары телефоннан «шығыңдар, жәй ғана әңгімелесеміз» деді. Біз Дастан екеуіміз басында бармаймыз деп келіскен едік. Бірақ бармайтын болсақ, келесі жолы аямайтынын айтты. Бақыт Әділет мектептің тәртібі жайлы айтып бастады. Жәй ғана әңгімелесіп бастаған болатынбыз. “Сендер амандаспай жүрсіңдер, мектептің тәртібін бұзып жүрсіңдер” деді. Сол кезде Бақыт Әлішер «бұлар жәй ғана құр сөзді түсінбейді» деп, ең алғаш Байтұрсын Дастан Нұрлыбайұлын ұрды, сосын Талап Әлиді ұрды, кейін Әскербай Мирасты ұрды. Үшеуін көкіректен қатты ұрды , – деп баяндады екі баланың өліміне түрткі болған түнді олардың сыныптастары.

Көкірекке тиген соққыдан Мирас бірден дірілдеп құлаған екен. Сыныптастарының айтуынша, ол 15 минуттай тірі жатып, кейін жан тапсырған. Оқиға болған жер дәл ауылдың қақ ортасында орналасқан. Мұнда тал-терек көп, адам көзі көп түсе бермейді. Сондықтан да шығар, ауыл жастары өз арасындағы кикілжіңді осы жақта шешіп, талай дүниені бүлдіретін көрінеді.

Ал кеше түнде Мираспен бірге таяқ жеген оның ең жақын досы Дастан Нұрлыбай асылып қалды. Ата-анасы баласының өлі денесін таңға жуық қорадан тауыпты. Жанында «досымның қасына барамын» деген хаты бар екен. Дастанның ет жақындары тікелей өзен жағасында әлімжеттік көрсеткен сотқарды кінәләп отыр.

- Ұрған баланың тікелей қатысы бар. Соның кесірінен мен бауырымнан айырылдым. Жазасын алсын. Аяғына дейін барамыз. Ол балаға еш кешірім жоқ. Бір емес, екі баланың өліміне түрткі болған 11-сыныптың оқушысы ауылдың нағыз бұзақысы дейді тұрғындар. Осыған дейін спортпен де шұғылданыпты, – деді Т. Дастанның ағасы Нұрсұлтан Байтұрсын.

Қайтыс болған Мирас Әскербайдың ағасы да өз пікірін білдірді.

- Спортпен шұғылданды. Бізде грек-римнан үйірме болған. Соған қатысып жүріп, облысқа барып, кейін қайтып келді. Бір-екі жылдың арасында, – деді Ә. Мирастың ағасы Айбар Айтқұлов.

Қайтып емес, қашып келген сияқты. Өйткені жұрт оның ол жақта да талай балаға жұдырық жұмсап, кейбіріне тіпті пышақ сермеп, басы бәлеге қалғасын, ауылға қашып келгенін айтады. Оның қандай екенін оқыған мектебінен сұрағымыз келді.

- Неге кіргізбейсіз?

- Маған сондай бұйрық келді, “кіргізбе” деген.

- Кімнен?

- Директордан.

Көп ұзамай директордың өзі шықты. Өзінен жасы кішілерді соққыға жыққан оқушының тәртіпті екенін айтып жақтай жөнелді.

“Әлімжеттік те, ақша жинау да жоқ”, – деп шыр-пыр болып отыр.

Бірақ балалардарды қаз-қатар тізіп қойып ұру директорға қалыпты дүние сияқты.

- Төбелеспеген. Қатар тұрған балаларды бір-бірден бүйтіп ұрып шыққан, – деді А.Түркебаев атындағы мектеп-лицей директоры Базаралы Момбеков. - Неге ұрып шыққан?

- Қайсысын?

- Енді оларға жәй айтқан, түсінбейді деп айтқан ғой. Басқа ештеңе айтпаған. Ешқандай әңгіме, сөз болмаған.

Полицейлер бүтін бір ауылды басына көтерген 11-сынып оқушысын ұстағанын жеткізді. Бірақ қазір ол қамауда ма әлде үйіне жіберілді ме, ол жағын ашып айтпады. Ал асылып өлу дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр.

- Аталған дерек аудандық полицияда ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігі бойынша тіркелді. Жедел іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері 17 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындаумен қажетті тергеу жүргізілуде. Өзіне қол жұмсау дерегі бойынша ҚР ҚК 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, – деп мәлімдеді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.

Айналдырған үш күн ішінде ұлынан айырылған екі отбасы күдіктінің облыстық мәслихатта отырған лауазымды туыстары бар, жазадан құтылып кете ме деп қорқады. Сондықтан тергеудің әділ жүруін талап етіп отыр.