Талдықорғанда бас есепшіден тәркіленген мүлік 1,2 млрд теңгеге бағаланды - Антикор

Qaz365.kz редакциясы

Панфилов ауданының аумағында қолға түскен

inbusiness.kz

Қашпақ болған Талдықорған қалалық білім бөлімінің бас есепшісі Мадлен Серғазинова ұсталды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Жетісу облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне сілтеме жасап.

48 жастағы әйел адам ел аумағынан қашып кетпек болғанда Панфилов ауданының аумағында қолға түскен. Күдіктінің үйін тінту барысында 942 902 117 теңге (ұлттық валютада 617 640 000 және 721 282 АҚШ доллары), құжаттар мен 21 жылжымайтын мүліктің кілттері: 14 пәтер, 7 коммерциялық үй-жай, Toyota Land Cruiser көлігі мен зергерлік бұйымдар табылған.

Құны 1 млрд 200 млн теңгеге бағаланған дүние-мүлікке облыстық прокуратура уақытша шектеу қойды.

Бас бухгалтермен бірге Талдықорған қалалық білім бөлімінің орталықтандырылған есеп бөлімінің бас есепшісінің орынбасары, экономист пен екі есепшісі қамауға алынды.

Қалалық алты мектептің бас есепшілері  бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін иемденіп, жымқырды деген күдікке ілінген. Ұсталғандар 2020 жылдың қыркүйек айынан 2023 жылдың наурыз айына дейін аса ірі көлемде жалпы сомасы 2 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлаған.

Әйелдер оқу орындарында іс жүзінде жұмыс істемейтін адамдардың шотына жалақы аударып отырған. Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің аудиторлары 95 231 664 теңге шығынды растады. Қалған шығынды есептеу жалғасуда.

Күдікті Серғазинова, оның орынбасары және экономист Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес ұсталып, тиісінше Ескелді аудандық ІІБ, Талдықорған қалалық ІІБ, Көксу аудандық ІІБ уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Мектептердің бас есепшілеріне қатысты айыбын толық мойындауға, басқа тұлғаларды әшкерелеуге көмек көрсетуге байланысты процессуалдық қамауға алу шаралары жүргізілмеген.

Аталған іске қатысты қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.