Зиянды жағдайда жұмыс істейтін адамдарды зейнетке ерте шығару мәселесі қашан шешіледі - Смайылов

Qaz365.kz редакциясы

Үкімет басшысы Ұлытау облысының медицина қызметкерлері мен кеншілерінің түйткілді мәселелерін тыңдады

primeminister.kz

Ұлытау облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бірқатар өнеркәсіп нысандарын аралап, Анненск мыс кенішінің шахтерлерімен кездесу өткізді, Сәтбаев қаласының Орталық ауруханасын күрделі жөндеу барысымен және жалпы өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің дамуымен танысты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, Үкімет басшысы Жезқазған мыс балқыту зауытының жұмысымен танысты. Мұнда жылына 200 мың тоннаға жуық тазартылған мыс шығарылады. Өндірісте 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. 2023-2026 жылдар аралығында зауытта жобалық қуаты жылына 350 мың тонна болатын жаңа күкірт қышқылы цехы салынады.

Әлихан Смайылов Үкімет мыс өндірісі бойынша әлемдік алпауыттардың қатарына кіретін кәсіпорынның жұмысына әрі қарай жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтті. Осы орайда Үкімет басшысы жаңа технологияларды, бірінші кезекте экологияны қорғау саласында заманауи технологияларды енгізудің маңыздылығына тоқталды. Мәселен, күкірт қышқылы цехын іске қосу зауыттың атмосфераға шығаратын зиянды қалдықтарын кем дегенде екі есе азайтуға мүмкіндік береді.

«Өз жобаларын жүзеге асырып жатқан инвесторларға қолдау көрсету өте маңызды. Үкіметке байланысты мәселелерді шешетін боламыз, алайда әкімдік инвестициялық жобалар санын ұлғайту үшін тұрақты негізде тиісті жағдай жасауы қажет. Кәсіпкерлердің бастамаларын барынша ескеріп, оларды өңір экономикасын дамытуға инвестиция салуға ынталандыру қажет», – деді Үкімет басшысы.

Одан кейін Премьер-Министр гидрометаллургия өнеркәсібінде қолданылатын реагенттерді шығаратын «Қазхимсинтез» ЖШС химия зауытының құрылыс барысымен танысты. Жылына 12 мың тонна өнім шығаратын кәсіпорынды осы жылдың қараша айында іске қосу жоспарланып отыр.

Әлихан Смайылов жаңа зауыт жергілікті халықты жұмыспен қамтуға, импортты алмастыруға және облыстың экономикасын әртараптандыруға зор үлес қосатынын атап өтті. Сонымен қатар, Премьер-Министрдің айтуынша, зауытты әрі қарай дамытып, қуаттылығын арттыру  ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етумен бірге өнімді көрші елдерге экспорттауға да мүмкіндік береді.

Үкімет басшысы Сәтбаев қаласындағы орталық ауруханаға барды, онда өңірдің денсаулық сақтау саласын дамыту шаралары қаралды. Атап айтқанда, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша алдағы екі жылда облыстағы 17 медициналық мекеме нормативтерге сәйкес келтірілетін болады. Бұдан басқа заманауи перинаталдық орталық, онкологиялық және кардиологиялық орталықтар, сондай-ақ басқа да нысандарды салу жоспарланып отыр.

Мұнда Әлихан Смайылов аурухана қызметкерлерімен кездесу өткізді, оның барысында медбикелердің бірі кіші қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесін айтты. Премьер-Министр 2020 жылдан 2023 жылға дейін дәрігерлер жалақысы жыл сайын 30%-ға, ал орта буын медицина мамандарының жалақысы 20%-ға ұлғайтылғанын еске салды. Сонымен қатар 2022 жылдан 2025 жылға дейін жыл сайын денсаулық сақтау саласының қалған қызметкерлерінің жалақысын 20%-ға арттыру туралы шешім қабылданды. Алайда Ұлытау облысында кіші буын медицина қызметкерлерінің жалақысы тек 15%-ға көтерілгені анықталды.

«Бұл дұрыс емес, жыл сайын 20%-ға көтеру туралы шешім қабылданды, осылайша, төрт жыл ішінде жалақыны шамамен екі есе өсіру көзделген. Әкімдікпен бұл мәселені шешейік», – деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Премьер-Министр өңірлердің басшылығына жергілікті бюджет есебінен айлыққа түзету коэффициентін қолдану арқылы ынталандыратын үстемеақы белгілеу құқығы берілгенін айтты.

«Бұл жалақыны одан әрі арттыруға мүмкіндік беретін жеке механизм. Бірақ базалық жалақының өзі жыл сайын 20%-ға көтерілуі тиіс. Тапсырма орындалуы керек. Бұл мәселені біз бақылауға аламыз», – деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр жұмыс сапары аясында Сәтбаев қаласындағы ірі өндіріс орындарының бірі – «Анненск» кенішінде болып, кеншілермен кездесті. Онда зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін кеншілерді әлеуметтік қамсыздандыру, жазатайым оқиғалардан сақтандыру және басқа да бірқатар мәселелер талқыланды.

Әлихан Смайылов қазіргі уақытта зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қамсыздандырудың қолданыстағы жүйесіне өзгерістер енгізу мәселесі пысықталып жатқанын, бұл кеншілерге ерте зейнетке шығуға мүмкіндік беретін атап өтті. Бұл ретте міндетті зейнетақы жарналары және жалпы жұмыс өтілі, оның ішінде зиянды еңбек жағдайларындағы жұмыс өтілі сияқты критерийлер ескерілетін болады.

Бұдан басқа зиянды немесе қауіпті өндірісте жұмыс істеп, еңбекке жарамсыз болып қалған азаматтарға зейнетке шыққанға дейін және одан кейін сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру мәселесі қаралады.

«Бұл – Үкіметтің ұсынысы, оны кәсіподақтармен талқылап, ҚР Парламентінің қарауына енгіземіз», – деп атап өтті ол.