Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты Тұңғышбай Жаманқұловқа қатысты тосын мәлімдеме жасады

Qaz365.kz редакциясы

Сотталушының айтуынша, актер Тұңғышбай Жаманқұлов ол туралы "жалған ақпарат берген"

Коллаж: Qaz365.kz

Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты қылмыстық іс актер Тұңғышбай Жаманқұловтың арызы бойынша қозғалған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы экс-министрдің адвокаты Мұстахим Төлеев айтты.

“Тұңғышбай Жаманқұлов деген актерді білесіздер. Ол менің қорғауымдағы азамат туралы көпе-көрінеу жалған ақпарат таратып, прокуратураға арызданған. Соның негізінде заңсыз іс қозғалып, тергеу жүргізілген”, - дейді адвокаты Мұстахим Төлеев.

Еске салайық, 2016 жылы Тұңғышбай Жаманқұлов фильмнің түсіріліміне бөлінген 79 миллион теңгені қалтасына басты деп айыпталып, шартты жазаға кесілген болатын. Содан бері екеуінің арасы алшақтап кеткен еді.

Айта кетейік, 2022 жылдың 28 мамырында сот санкциясымен Ұлттық музей директоры болған Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалды.
Бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2017-2018 жылдары нысандардың 3D моделін жасау жобасын жүзеге асыру барысында 1,2 миллиард теңге ұрланғанын хабарлаған болатын.

Мұхамедиұлы 2019 жылдың шілдесінде музей директоры болды, оған дейін бес жыл мәдениет министрі қызметін атқарған.