Ол ғимаратты мемлекет меншігіне қайтару бойынша демонополизация процесі жүргенін айтты
«QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жәркешов Ulysmedia-ға берген сұхбатында ғимаратты бұрын үш есе қымбат бағаға жалға алып отырғанын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
“Ұлттық компания ғимараты бұған дейін жекеменшік кәсіпкердің қолында болған. Бұл біз басшылыққа келгенге дейінгі жағдай. Содан ай сайын төлейтін жарнаны есептесем, нарықтан үш есе жоғары болып шықты. Бұл дегеніміз заң бұзушылық”, – дейді Санжар Жәркешов.
Оның айтуынша, шаршы метріне 16 мың теңгеден төлеген. Ғимарат иесіне бағаны азайт десе, “онда шығыңдар, суды, жарықты өшірем” деп қорқытқан.
“Сөйтіп, форс-мажор жағдайына әкелді. Бұл былтыр көктемде болған мәселе. Біздің ғимараттың ішінде өте маңызды нысандар бар. Біріншісі, диспетчерлік орталық. Стратегиялық тұрғыдан маңызды газ тасымалдау құбыры екенін білесіздер. Диспетчерлік орталық соны қамтамасыз етеді. Тоқтата алмаймыз”, – дейді «QazaqGaz» басшысы.
Ол ғимаратты мемлекет меншігіне қайтару бойынша демонополизация процесі жүргенін айтты.
Жүргізуші «QazaqGaz» компаниясы отырған бизнес орталық Қайрат Шәріпбаевқа тиесілі екенін тілге тиек етті. Бірақ Санжар Жәркешов ол жағынан нақты хабары жоғын, қазір бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысып жатқанын айтты.
“Басқа өкілдердің аттары бар. Бірақ ол кісінің есімі аталмаған. Сүйінші жаңалығымыз бар, 12 сәуірде ғимарат біздің иелігімізге көшті. Шамамен 10 миллард теңге мемлекетке қайтты. Енді сол аренданы азайтқанның арқасында жылына 1,6 миллард теңге үнемдейміз”, – дейді Жәркешов.
Айта кетейік, Қайрат Шәріпбаевты ақпарат құралдары экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның күйеуі деп атайды. Ол «Қаңтар оқиғасынан» кейін QazaqGaz ұлттық компаниясының басқарма төрағасы қызметінен кеткен.