Ораза айт – барша мұсылман үшін қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін ұлық мейрам
Биыл Ораза айттың бірінші күні 21 сәуірге түсіп тұр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміз бойынша мешіттерде оқылатын айт намазының кестесін жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.
Ораза айт – барша мұсылман үшін қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін ұлық мейрам. Мейрам қатарынан үш күн аталып өтеді. Бұл күндері қазақстандықтар демалмайды.
Алматы, Астана және Шымкент қалаларында айт намазы 21 сәуірде сағат таңғы 7.00-де оқылады.
Айттың алғашқы күні мешіттерде жамағатпен айт намазы оқылады. Әр мұсылман айт намазына жуынып-шайынып, дәрет алып, ең әдемі әрі таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп барады. Сонымен қатар, мешітке бармас бұрын бір-екі құрма жеп, дәм ауыз тиген абзал. Бұл оразаның аяқталғанының белгісі.