Түркияда оқ тиген қазақстандық азаматтың қызына 200 мың доллар қажет

Qaz365.kz редакциясы

Смадияров онымен тікелей сөйлескен

коллаж Qaz365.kz

Жақында Түркияда атыс кезінде қазақстандыққа оқ тиіп жараланған болатын. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров 32 жастағы жігіттің ол жаққа не үшін барғаны белгілі болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Кеше біраз бұқаралық ақпарат құралдарында Ыстанбұл қаласында қазақ жігіті оқ жарақатын алды деген ақпарат тарады. Сыртқы істер министрлігі тарапынан бұл мәселеге қатысты тиісті қысқаша түсініктеме берілді. Алайда, әлеуметтік желіде жарақат алған жігіттің жұбайының «Оқты денеден алу отасы ақылы қызмет, сондықтан біз бас тарттық, өйткені ақша басқа мақсатқа қажет» - деген сөзі талқыға түсіп жатыр екен. Осы жерде бұл жанұяға қатысты жағдайды түсіндіре кетейін, - деп жазды Айбек Смадияров.

Ол жарақат алған жігіттің аты Бегалы, жасы 32-де екенін айтты. Смадияров онымен тікелей сөйлескен.  «Менің жағдайым жақсы, отаны жасап дәрігерлер оқты денемнен алды. Бүгін-ертең ауруханадан шығамын, бұл жерде жата беретін уақытым жоқ, өйткені кішкентай қызымызды емдеуге алып келгенбіз» деп айтыпты. 

Әңгіме барысында тек қана қызын ойлап отырғаны байқалды. Дауысы және көңіл-күйі көтеріңкі екен, екі сөзінің бірі - қызым-қызым дейді. Аман-сау қалғанына қуанып отыр, сондай жарқын жомарт жігіт екен.Ыстанбұлдағы дипломаттарымыздың көмегімен отаны тегін жасаттық, қолымыздан келгенше басқа да көмек көрсетіліп жатыр, – дейді ресми өкілі.


Ол Бегалының Айым атты кішкентай бүлдіршіні туралы айтты. Түркияда қараша айынан бері аты жаман аурумен (рак)  емдеп химиотерапия өтіп жатқанын жеткізді. Енді арнайы операция жасау қажет. 


Бірақ өздеріңіз білесіздер, рак ауруын емдеу үшін қомақтай қаражат талап етеді. Бегалы қызының еміне кішігірім сома жинап қойыпты, соны өзіне қимай Айымның отасына жұмсаймын деді. Қанша қаражат қажет деп сұрадым, қысылып айтпай қойды. “Көмек түсіп жатыр, жақсы адамдар бар, ұайымдамаңыз, мен аяғыма тұрсам бәрінде өзім шешемін” деп ер жігіттің сөзін айтып отыр. Қызын сондай қатты жақсы көретіні сөзінен де, көңілінен де көрініп тұр, оқ тиіп жарақат алған адамға мүлдем ұқсамайды. Әкенің қызына деген махаббаты қандай керемет, - деп жазды Айбек Смадияров.

 Ол осы ретте Айымға ота жасау үшін 200 мың доллар қажет екенін еске салып өтті. Қаражат жинауды осы жақында ғана бастапты деді.


 Қоғам болып жабылып жоғарыда көрсетілген соманы жинап беріп Бегалы бауырымызды бір қуантсақ қалай қарайсыздар? - деді ресми өкіл.
 
Айым қызымыздың Инстаграмдағы парақшасы