Маңғыстауда бес қызғылт қоқиқаз өлі табылды

Qaz365.kz редакциясы

Оларды мектеп оқушысы тауып алған

egemen.kz

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында мектеп оқушысы "Қызыл кітапқа" енген бес қызғылт қоқиқаздың өлексесін тауып алған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстанның "Қызыл кітабына" енген ерекше жануар қызғылт қоқиқаздың бес данасын 20 сәуір күні Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Қызыләскер ауылы маңында мектеп оқушысы тауып алған. Бұл туралы Маңғыстаумедиа жазады.

Дәл осындай жағдай бір жыл бұрын болған. 2022 жылдың 24 сәуірінде де аймақта қызғылт қоқиқаздар қырылды. Сол кезде құстар ауа-райының қолайсыздығынан қырылған деп аталды.

Бұл жолы мамандар құстардың қырылуын бір күн бұрын өңірді шарпыған шаңды дауылмен байланыстырды.

"Жақында Маңғыстау облысының аумағында шаңды дауыл соғып, күн желді болды. Бұл құстардың қоныс аударуы Бейнеу ауданының аумағы арқылы өтеді. Әзірге өлім ұшу кезіндегі ауа райының қолайсыздығынан деп болжауға болады. Құстардың әлжуаздары ортаға қонып, әрі қарай солтүстікке ұша алмай, суы жоқ шөлейтті аймақта қырылуына әкеліп соқты. Енді ветеринарлық қызмет тиісті сынамаларды алады деп күтеміз", - делінген облыс белсенділері хабарламасында.