Текелі қаласында мектеп оқушыларына ұятты брошюра таратқан психолог жұмыстан кетті

Qaz365.kz редакциясы

Одан өзге мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия хатшысы сөгіс алды

Фото: mf33.ru

Жетісу облысының Текелі қаласында мектеп оқушыларына ұятты брошюра таратқан психолог жұмыстан кетті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі informburo.kz-ке сілтеме жасап.

Одан өзге мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия хатшысы сөгіс алды. Осылайша 7-9 сынып оқушыларына жүктілік бойынша тәрбие сағатын өткізген мамандардың басы дауға қалды. Себебі, балаларының қолындағы парақшаны көрген ата-аналары жағасын ұстап, жыныстық қатынасқа қатысты түсіндіру жұмыстары тым әдепсіз жүргізілгеніне наразылықтарын білдірді. Ал Жетісу облыстық білім басқармасындағылар Текелідегі мектеп әкімшілігін ақтап отыр. Бар жайтқа кінәлі тәрбие сағатын жүргізген аурухана психологы дейді. Себебі, ол парақшаны оқушыларға таратпас бұрын, мектеп әкімшілігіне бюрошюраның мазмұнымен таныстырмаған деп отыр. Осы жайттан кейін аурухана психологы өз еркімен жұмыстан кетіпті. Ал бұл психолог Текелідегі ауруханасындағы бас дәрігердің баласы екен.
 

“Ол жерге қалалық аурухананың психологы келіп, администрациямен, мектеп әкімшілігімен келіспей, сол материалдарды таратқан. Бүгінгі күні білім басқармасы тарапынан тәртіп жаза қолдандық. Яғни, мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына сөгіс жарияланды”, – деді Жетісу облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары: Әлішер Башаров.