Алматыда 1116 ғимарат тектоникалық жарықта орналасқан

Qaz365.kz редакциясы

Жыл басынан бері 44 жер сілкінісі тіркелді

Фото: Qaz365.kz

Алматы 10 балдық жер сілкінісі болуы ықтимал сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Бұл туралы мәслихаттың кезектен тыс II сессиясында қала әкімінің орынбасары Асқар Әмрин айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Спикердің сөзінше, Алматыда жылына 300-ге жуық жерасты дүмпулері болады. Жыл басынан бері 44 жер сілкінісі тіркелді. Оның үшеуі қала тұрғындарына сезілді. Мегаполисте 1116 ғимарат тектоникалық жарықта орналасқан. Оның 754-і сейсмикалық төзімді, 362- сі сейсмикалық төзімді емес.
Айтуынша, тектоникалық процестердің белсенділігі ғимараттардың жер сілкінісіне төзімділік нормаларына әсер етеді.

«Осыған байланысты 15 мың азаматтық және қоғамдық ғимараттарды, 1600-ден астам көпқабатты тұрғын үйлерді паспорттауға жергілікті бюджеттен 2 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр», - деді Асқар Әмрин Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс VIII шақырылымының екінші сессиясында.

Бұған дейін Ерболат Досаев ғимараттарға сейсмикалық аудит жүргізілетіні туралы айтқан болатын.
Сондай-ақ, ол кеше Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесуі кезінде Алматыда әр үйдің кіреберісіне жер сілкінісі кезінде эвакуацияланатын орынның картасы ілінетінін мәлімдеді.