Алматы облысында 200 миллионға жөнделген мектептің сапасы сын көтермейді

Qaz365.kz редакциясы

Нысанға толықтай жөндеу жүргізген құрылыс компаниясының спортзалға келгенде ақшасы жетпей қалған

Ашық дереккөздерден

Алматы облысында 200 миллионнан астам теңгеге күрделі жөндеу жасалған мектептің сапасы сын көтермей тұр. Жалаңаш ауылының тұрғындары білім ордасына қыруар қаражат жұмсалса да, қақаған қыста дене шынықтыру сабағын далада өткізгенін айтады. Өйткені спортзалдың шатыры мен терезелерінде саңылаулар болғасын, ғимараттың іші ылғи азынап тұрады дейді. Кемшілікті директордың өзі тізіп берсе де, аудандағы шенділер өздеріне де, мердігерге де шаң жуытпай отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

Сылақтары сыпырылып түсіп қалған. Қабырғалары оқ тигендей тесік-тесік. Бақандай 200 миллионнан астам теңгеге күрделі жөндеуден өткен Кеген ауданына қарасты Жалаңаш ауылындағы мектептің күйі осы. Пайдалануға екі жыл бұрын ғана берілсе де, уақыт өткен сайын жаңа олқылықтары құдды бір тосын сый сынды сау ете қалады дейді жұрт.

 «Биылғы қыста да, былтырғы қыста да мына жерде бір баланың ойнауына мүмкіндік жоқ болды. Амалдың жоғынан дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері келіп ойнатады. Бірақ, олар терлейді. Балалалар ауырады, тер қатады. Кезінде жөндеу жұмыстарына біздің ауылдың жігіттері де қатысып, біраз істеп еді. Солар жөндеуді жасаған кісілердің қабырғаны қоқыстан тұрғызғанын айтты. Сонда мына қабырғаның іші техникалық жағдайға сай емес жасаған болуы керек», - деді мұғалім Баян Мұсаева.

Алдымен қол астындағы мұғалімінің айтқанымен келіспей, айқайласа кеткен директор артынша мектептің кемшіліктерін өзі тізіп берді. Айтуынша, нысанға толықтай жөндеу жүргізген құрылыс компаниясының спорт залына келгенде ақшасы жетпей қалған.

 «Спорт залымыз суық болды. Былтырдан бері мердігер «Тунас» деген компания жұмыс істеді. Көбік материал құйылмай қалған. Оның бәрінен су тамшылады. Стандартқа сай емес деп, тұтас 110 терезені бір рет салып, алғызып тастап, қайта салды. Шатырды екі рет ауыстырды. Олардың жапқан ағаштары нашар болды. Оны бір рет алып, қайта жапсырды», - деді С. Бейсенбетұлы атындағы орта мектептің директоры Марат Адинов.

Осындай олқылықтары бола тұра, мектепті дайын деп қабылдап алған кім? Бұл сұрақтың нақты жауабын аудандағы атқамінерлерден ала алмадық. Не айтқысы келмейді, не білмейтіннің кейпін танытады.

 «Өзімнің қызметке келгеніме 10 ай болды. Оны қабылдап алған менен бұрынғы уақытша міндетін атқарушы. Ол кісі орнынан кетіп қалған жоқ. Маман болатын. Қазіргі таңда басқа жұмыстарға ауысып кетті. Есімін ұмытып тұрмын», - деді Кеген ауданы білім бөлімінің басшысы Мұратжан Мәсіханов.

Шенеунік мектепте әлі де кемшілік барын мойындап отыр. Айтуынша, құрылыс компаниясы өзі жіберген олқылықтарды осы оқу жылы аяқталғанға дейін реттеп береді. Ал балаларының денсаулығына алаңдаған ата-аналардан бастап мектеп директорына дейін “егер серіктестік шала істеген жұмысын реттемесе, сотқа береміз” деп отыр.