“Тақуалыққа бет бұрдым”: Депутат Жигули Дайрабаев ұлдарына қатысты мәлімдеме жасады

Qaz365.kz редакциясы

Ол Рамазан айында ораза ұстаған соң, үндемей келген көрінеді

Ашық дереккөздерден

 Жақында Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың ұлдары 550 миллион теңге субсидия жымқырды деген айыппен шартты түрде сотталған болатын. Бүгін әкесі әлеуметтік желідегі парақшасына пост жазып, мәселенің анық-қанығына көз жеткізбей жатып, өзін сырттай қаралаушылар көбейгенін айтып, қынжылысын білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

- Қазіргі уақытта көптеген блогер, журналист, саясаттанушы, әйтеуір, барлық саланы білгіш маманысымақтар көбейіп кеткені байқалады. Бір мәселені толықтай жан-жақты зерделемей, шындыққа көз жеткізбей, хайп қуып, шындыққа сай келмейтін сөздер айтып жатыр, - дейді Жигули Дайрабаев.


Ол желіде ақшаға тапсырыс беріп, біреуді біржақты қаралау көбейіп кетті деп отыр. Бұл – елдің, қоғамның болашағы үшін өкінішті жағдай екенін айтқан.
Сондай-ақ ол ешкімнен жасырынбай, өзінің балаларына қатысты жауап бергенін жеткізген.

- Олар – өз-өздеріне жауап бере алатын азаматтар. Жұмыстарын адал істеп, мемлекеттен көмек алып, халыққа жұмыс орнын беріп жүрген кәсіпкерлер. Балаларым өздерін заңнама талаптарына сай қорғауға құқылы, және мемлекет алдында кәсіби іс- әрекеттерінің адалдығын дәлелдеу үшін күреседі, – дейді депутат.

Одан бөлек,  өзіне де жала жауып, қаралау мақсатында, кейбір өмірге өкпелі азаматтар ішіндегі бүкіл қаралығын шығарып жатқанын естідім деп айтқан.

- Мен істемегенді істеді деп, сөйлемегенді сөйледі деп жалған өсек таратушыларға тек жаным ашиды. Оларға тек жанымыз ашу керек, өйткені жала жабу, біреуді артынан жамандау – өте ауыр күнә және арсыз, абыройсыздардың ісі, - дейді Жигули Дайрабаев.

Бұған дейін үндемегенінің себебі, Рамазан айында ораза ұстап, тақуалыққа, дінді терең зерттеуге бет бұрып, біраз сұрақтарға жауапсыз қалдырған екен.

- Соны көбісі әлсіздік немесе кінәсі бар шығар деп ойлап қалған сияқты. Сол үшін арнайы осы постты жазайын деп шештім. Алланын алдын да арымда, жүрегім де таза!Қазақстан халқына, осы уақытқа дейін адал қызмет етіп келемін, Парламент депутаты ретінде де қызметімді адал атқарып, жалғастырамын! - дейді депутат.

Айта кетейік, бұған дейін оның екі ұлы, атап айтқанда Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалықтардың  субсидиялау қағидаларын бұзып, сатып алынған "Альбион" құлпынай көшеттерін жеке мақсаттарына пайдаланғаны анықталған болатын. Сот шешімімен Дайрабаевтың екі ұлының мүлкі тәркіленіп, басшылық лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылған. Сонымен қатар 5 жылға шартты түрде сотталды.