Абайлаңыз: Алматыда тағы бір тұрғын үй кешені "қара тізімге" енді

Qaz365.kz редакциясы

Сәулет-жоспарлау тапсырмасы медициналық пункт салуға алынған

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыдағы тағы бір тұрғын үй кешені алуға кеңес берілмейтін үйлер тізіміне енді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Алматы әкімдігі мәліметіне сілтеме жасап.

Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, жүргізілген мониторинг нәтижесінде интернет желілерінде Шашкин, 42/1 көшесінде орналасқан Maison ТҮК-те пәтерлерді сату туралы хабарландырулар жарияланғаны анықталды.

"Алайда, бұл жер телімінің нысаналы мақсаты жер асты автотұрағы бар әкімшілік ғимарат салу және пайдалану болып табылады, ал сәулет-жоспарлау тапсырмасы медициналық пункт салуға алынған. Басқарма меншік иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 316 баптың 1-бөлігі бойынша анықталған заңбұзушылықтарды жою бойынша ұйғарым шығарды, сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстарын мәжбүрлеп тоқтату туралы сотқа талап арыз берілді", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, басқарма Экономикалық тергеу департаменті мен Мемлекеттік кірістер департаментіне шара қолдану үшін хат жолдаған.

Алматылықтарға жылжымайтын мүлікті сатып алмас бұрын Қала құрылысын бақылау басқармасының +7 (727) 229-81-36 сенім телефонына қоңырау шалу арқылы салынып жатқан тұрғын үй кешендерінде құжаттардың толық пакетінің бар-жоғын тексеру ұсынылады.