Такси жүргізушілері мен курьерлер салықты қалай төлейтін болады

Qaz365.kz редакциясы

Мемлекеттік кірістер комитеті пилоттық жобаны іске қосып жатыр

ашық дереккөзден

МКК интернет-платформалармен бірлесіп, такси жүргізушілері мен курьерлерге ыңғайлы функционалды жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

МКК мәліметінше, такси немесе курьерлік жеткізу қызметтерін көрсету кезінде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу немесе мекемеге (басқа кәсіпкерге) жалдамалы қызметкер ретінде рәсімдеу жолымен салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеуге міндетті.

"Бұл талаптар қазір пайда болған жоқ, бұрыннан бар, бірақ әр түрлі себептерге байланысты көп азаматтар орындамайды. Біздің ойымызша, себептердің бірі – міндеттемелерді орындауға байланысты әкімшілік рәсімдерді орындауға дайын еместігі", - делінген хабарламада.

Салық төлеуші үшін ең тиімдісі – eSalyq Business арнайы мобильді қосымша негізіндегі салық режимін қолдану. Себебі, 1 пайыздық ставкамен табыс салығын және әлеуметтік төлемдерді (зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және медициналық сақтандыру) төлеу қажет.

"Осыған байланысты, интернет-платформаларды пайдалана отырып, қызмет көрсететін тұлғаларға салық міндеттемелерін орындауға көмектесу үшін Мемлекеттік кірістер комитеті eSalyq Business мобильді қосымшасын пайдалана отырып жүргізілетін салық режимі негізінде пилоттық жобаны іске қосып жатыр.

Оның шеңберінде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу тікелей интернет-платформада өтеді, интернет-платформа операторы табысын төлеу кезінде тиесілі салықтар мен әлеуметтік төлемдерді ұстайды және төлейді, содан кейін мәліметтер автоматты түрде МКК-ға беріледі.

Бұл жеке тұлға салық органдарына бармай-ақ, салық міндеттемесін орындайды, ал салықтарды есептеу мен төлеудегі қателіктер жойылады", - делінген хабарламада.

Бүгінде ақпараттық жүйелерді баптау бойынша "Яндекс.такси"-мен жұмыс жүргізіліп жатқаны, жұмыстар аяқталғаннан кейін азаматтар ерікті негізде пилоттық жобаға қосыла алатыны айтылды. Техникалық жүзеге асырудың жоспарланған уақыты – 2023 жылдың 1 шілдесі.