"Лақтыра салынған Елтаңба". Желідегі видео бірнеше құзырлы ведомствоны әуре-сарсаңға түсірді

Qaz365.kz редакциясы

Елтаңба 2023 жылдың 31 шілдесінде жойылуы тиіс болатын

gov.kz

Әлеуметтік желіде Талдықорған тұрғындарының бірінің парақшасында жерде жатқан Мемлекеттік Елтаңбаның видеосы жарияланды. Кадрдан мемлекеттік рәміздің Жетісу облыстық соты ғимаратының жанында жатқанын көруге болады. Бұған қатысты облыстық сот түсініктеме берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сандуғаш Дүйсенованың Instagram-да жарияланған бұл видеосына ең бірінші болып Жетісу облысының прокуратурасы үн қатты.

"Бейнежазбада көрсетілген фактіні тексеру және құзыреті шегінде шаралар қабылдау үшін Жетісу облысының полиция департаменті мен әкімдігіне жолданды", – делінген хабарламада.

Көп ұзамай Жетісу облыстық соты да бұл жағдайға түсініктеме берді.

"Мемлекеттік Елтаңба жақында ауыстырылды. Сонымен қатар, облыстық сот ғимаратында ішінара жөндеу жұмыстарының басталуына байланысты ауыстырылған Елтаңбаның макеті бүгін сыртқа шығарылды. Алайда, ол жұмыс күнінің соңына дейін сақтау қоймасына қайта қойылуы керек еді. Негізгі құралдарды есептен шығару кестесіне сәйкес, Елтаңба 2023 жылдың 31 шілдесінде жойылуы тиіс болатын. Оған дейін ескі Елтаңба сот ғимаратында сақталуы керек", – деген түсінік берді Жетісу облыстық сотының баспасөз қызметі

 

Сондай-ақ құзырлы ведомство азаматтарға бұл мәселеге бейжай қарамағандығы үшін алғыс білдірді.