Алматы әуежайында мас төрт шетелдік рейстен түсірілді

Qaz365.kz редакциясы

Тексеру барысында 28, 32, 38 және 42 жастағы Қытай азаматтары анықталды

Фото: Qaz365.kz/ B. Karipov

Масаң күйдегі Қытай Халық Республикасының төрт азаматын Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері рейстен түсіріп алып қалды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

26 сәуірде Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөліміне Air Astana әуекомпаниясының өкілінен Алматы – Атырау рейсімен ұшпақшы болған біртүрлі жолаушылар туралы хабарлама келіп түсті.

Тексеру барысында 28, 32, 38 және 42 жастағы Қытай азаматтары анықталды. Арызданушының айтуынша, рейске тіркелу кезінде олар өздерін дөрекі ұстаған, масаң күйінде болған, балағат сөздер айтып, ортақ пайдаланылатын орынды ластаған.

"Медициналық куәландырудың нәтижесі бойынша құқықбұзушыларда алкогольдік масаңдықтың «орташа» дәрежесі анықталды. Шетел азаматтарына қатысты ҚР ӘҚБтК 440-бабының 1-бөлігі (алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып әрқайсысыны 5 айлық есептік көрсеткіш (17 250 тг) мөлшерінде айыппұл салынды", – делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.

 

Іс шешім қабылдау үшін Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды.