Маңғыстаудың мұнайы таусылғанда жастар қандай жұмыс істейді - сарапшылар пікірі

Qaz365.kz редакциясы

Маңғыстау облысын дамытудың кешенді жоспары аясында осы өңірдегі түлектер үшін 6000 грант бөлініп отыр

Ашық дереккөздерден

Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сай, өңірге математика, тарих, география, химия, физика, биология пәндері мен бастауыш сынып оқушылары, сондай-ақ, денсаулық сақтау, туризим, ақпараттық технологиялар, көлік және логистика салаларының мамандары тапшы, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.

«ЖАСТАРДЫҢ МҰНАЙШЫДАН БАСҚА КӘСІП ИГЕРУІНЕ ЖАҒДАЙ ЖАСАУЫМЫЗ КЕРЕК»

Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше облыс басшыларының есебін тыңдады. Олардың арасында тек Қазақстан емес әлемдік экономикада орны бар мұнайлы өлке Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев та бар еді. Жаңаөзен қаласындағы мұнайшылардың наразылығын, жалпы өңірдегі жұмыссыздыққа қатысты проблемаларды ескерген Президент облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың баяндамасынан кейін пікір білдірді.

«Жаңаөзен – мұнай-газ саласына ғана қарап отырған моноқала. Сол себепті, біз оны дамыту үшін арнайы кешенді жоспар қабылдадық. Осы құжатты мейлінше жүзеге асыру керек. Үкімет те бұл жұмысқа жауапты болады. Батыста, әсіресе, Маңғыстауда, жастар көбіне мұнайшы болғысы келеді. Бұл – дұрыс емес. Мұнай қоры таусылғанда аймақтағы ахуал тіпті күрделі болып кетуі мүмкін. Сондықтан жастардың басқа да кәсіптерді игеруіне жағдай жасауымыз керек. Бұл жұмысты арнайы жоспар бойынша атқару қажет», - деді Тоқаев.

Тоқаев бұл ретте қазір сұранысқа ие саланың бірі ретінде ақпараттық технологиялар саласын мысалға алды.

«Осындай технологияларды Маңғыстау облысын дамыту ісінде қолдануға болады. Жалпы, біз көзі ашық, білімді жастарды тәрбиелеуіміз керек. Өскелең ұрпақ келешекке сеніммен қарауы қажет. Бұл – үлкен жұмыс. Бұл әкімнің, Үкіметтің құзырында тұрақты түрде болуы керек», - деді Тоқаев.

МҰНАЙ ҚАШАН ТАУСЫЛАДЫ,  МАҢҒЫСТАУ ӨНДІРІСІ ҚАШАН ӘРТАРАПТАНАДЫ?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл мәлімдемесінен екі анық мәселені аңғаруға болады: күннің бір күнінде мұнай қоры шегіне жетеді және мұнайға үйренген аймақ қандай өндіріс арқылы тіршілік етпек?

Жалпы, сарапшылар Қазақстандағы мұнай қоры айналдырған 30-40 жылдың ішінде таусылады деген болжам айтып жүр. Халықаралық TheWorldCounts жобасының арнайы зерттеуі көрсеткендей, шамамен 45 жылдан кейін әлем бойынша осы уақытқа дейін табылған мұнай қоры толығымен таусылады. Сонда, экономикасының негізі мұнай және мұнай өнімдерінен пайда тауып отырған Қазақстан сияқты мемлекеттер қандай өндірістерге бой сүйемек? Бұл әсіресе мұнайға байланған өңірлер үшін өте өзекті мәселе, сондықтан да біз осы сұрақты облыс басшысы Нұрлан Ноғаевқа қойған едік.

«Мен баяндамамда айтқандай, біз облыста үш ірі жаңа өндіріс орындарын ашуды көздеп отырмыз. Осы үш ірі жобаны жүзеге асыру арқылы өндірісті әртараптандырып, 11 мың адамды жұмыспен қамтимыз. Яғни, осы жобалардың құрылысы кезінде 11 мың уақытша жұмыс орны, ал, өндірістер ашылған кезде үш мың тұрақты жұмыс орнын ашамыз», - деді Ноғаев.

Осы ірі жобалардың бірі – өңірдегі тіршілікті қамтамасыз етуші – Маңғыстау энергия мекемесі.

«Осы мекеменің негізгі жабдықтарының тозуы сексен пайыздан жоғары. Үкіметтің қаулысымен мекемені коммуналдық меншікке беру шешімі қабылданды. Қазір кәсіпорынды жаңғырту үшін тиісті қаражат қарастырып жатырмыз», - деді Мемлекет басшысына есеп берген Нұрлан Ноғаев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай осы өңірдің экономикасын әртараптандыру үшін Маңғыстау облысын дамытудың кешенді жоспары қабылданған болатын. 

«Осы жоспар аясында 15 бағыт бойынша 277 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі таңда 156 іс шара жүзеге асып жатыр, биыл оның отыз екісін аяқтаймыз, 124 өтпелі шара бар. Биыл осы бағдарлама аясында 10 948 жұмыс орны ашылды»,- дейді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

ОБЛЫС ЖАСТАРЫНА АРНАЙЫ БӨЛІНГЕН АЛТЫ МЫҢ ГРАНТ МӘСЕЛЕНІ ШЕШЕ АЛА МА?

Мемлекет басшысының негізгі реформасы – яғни Маңғыстау облысындағы жастардың білімін әртараптандырып, мұнайшыдан басқа мамандықтарға оқыту мәселесіне қатысты біз Маңғыстау облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Батырхан Қуанышбековтен арнайы сұхбат алдық.

Оның айтуынша, жастарды әртүрлі кәсіп пен еліміздің өзге өңірлеріне оқуға жіберу үшін бірнеше шара атқарылып жатыр.

«Ең біріншіден айтарым, біз өңірдегі білім беру ұйымдарына барып, ата-аналармен, оқушылармен бағыт-бағдар беру жұмысы, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Көбіне, сол 10-11 сынып оқушыларымен сөйлесеміз. Неге? Өйткені, өңірді дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, алты мың грант бөлінген. Бұл – Қазақстанның бүкіл өңіріндегі университеттерге берілген грант. Бірақ, былтыр бұл алты мың грант толығымен игерілген жоқ. Айта кетейін, гранттардың көбі технология саласына берілген. Қазір енді білім басқармасымен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын күшейттік. Яғни, басқа мамандықтар бойынша Қазақстанның барлық өңірінде алты мың грант тегін беріліп отыр деген ақпаратты жеткізуге тырыстық. Қазір облыс тұрғындарына, яғни, ата-ана мен жасарға «шығыңыздар, оқыңыздар, жаңа білім алыңыздар» деген ойды айтып жатырмыз», - дейді Батырхан Қуанышбеков.

Тағы бір маңызды жаңалық – қазір Маңғыстау жастарын өзге облыстардағы әртүрлі жұмыс орындарынан тәжірибеден өту бастамасы қолға алынған екен.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып, жұмыс жоспарын әзірлеп жатырмыз. Өйткені, бұған дейін Маңғыстау облысына келген Мемлекет басшысы өңірдің жастары аймақтан шығып, өзге облыстарда да потенциалдарын сынап көрсін деген тапсырма берген болатын. Яғни, біздің облыста жастарға жұмыс табыла бермейтіндіктен, басқа облыстарға барып, сол жаққа орналасып, сол жақтан білім алып, жұмыс істеу керек деген болатын. Сондықтан, жұмыс жоспарына «облыс жастарын басқа облыстардан тәжірибеден өткізу керек» деген пункт қостық», - деп хабарлады ол.

Бұдан тыс, қазір өңірдегі жұмыссыз жастарды әртүрлі маман иелерімен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен кездестіріп, басқа салалар туралы ақпарат беру дәстүрге айналғанын хабарлады Батырхан Қуанышбеков.

МАҢҒЫСТАУДЫҢ ТУРИЗМ ӘЛЕУЕТІНЕН ЗОР ҮМІТ КҮТУГЕ БОЛАДЫ

Жалпы, соңғы бес жылдық ішінде Маңғыстау өзінің туризм әлеуетін ашуға да күш салуға тырысып жатыр. Өйткені, өңірдің жерасты мұнайға толы болса, оның жер үсті киелі, тылсым сырларға толы орындарға бай. Бұны тіпті шетелдік инвесторлар да байқаған.

«Біз, әрине, мұнай саласын ғана емес, туризм және кәсіпкерлік салаларын дамытуға қатты көңіл бөліп жатырмыз. Маңғыстау энергия комбинаты қайта жаңғырудан өтіп жатыр. Бізге атом өнеркәсібі мамандары, инженерлер, балық өнеркәсібінің мамандары аса қажет. Өйткені, балық шаруашылығы бойынша Маңғыстау өңіріне келіп, шаруашылық ашуды көздеген инвесторлар бар», - дейді басқарма басшысы.

Анықтама үшін айта кетсек, Маңғыстау облысында былтыр мектеп бітірген түлектердің 37 пайызы педагогиканы таңдаған, тағы 32 пайызы медицинаны таңдаған, тағы 16 пайызы IT саланы таңдаған.

«МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ БАЛАБАҚШАДАН БАСТАЛАТЫН ІС»

Білім және ғылым министрлігін басқарған кезде біраз реформаның «басын қайырған», ал, қазір Мәжіліс депутаты болып отырған Асхат Аймағамбетовтің осы мәселеге қатысты пікірі қандай? Яғни Маңғыстау облысының білім саласын, ондағы жұмыс пен өндіріс саласын қалай әртараптандырып, қандай жаңа мамандықтарды енгізуге болады деген сауалдарға Аймағамбетов мырза өз пікірін білдірді:

«Сіз айтып тұрған мәселелер балабақша мен мектепте басталып, колледждерде жалғасатын білім беру жұмысына байланысты. Бұны - кәсіптік бағыт бағдар беру жұмысы деп айтамыз. Жалпы, бұл Маңғыстау облысы, Атырау облысында ғана бар проблема емес. Кәсіп таңдау проблемасы Қазақстанның бүкіл облысы үшін өзекті болатын мәселе. Өйткені, біздің оқушылардың көбі «қай кәсіпке барасың?» деген сұраққа нақты жауап бере алмайды.  «Мен политологияны оқып, депутат не мемлекеттік қызметші боламын» деп ойлайтындар бар. Ал шын мәнінде бұлар екі бөлек мәселе», - дейді Асхат Аймағамбетов.

Яғни, депутаттың түйініне сүйенсек, біздің біздің білім беру нарығымызда оқушылар «қандай да бір мамандық керек пе, жалақысы қандай, сол мамандыққа барсаң жұмыс таба аласың ба?» деген сұрақтарға дұрыс жауап бере алмайды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Асхат Аймағамбетов Білім министрі болып жүргенде жаңа бастаманы іске қосқанын айтады. Бірақ, оның нәтижесі шамамен он жыл ішінде көрінеді деген болжамы бар.

«Біз бір жыл бұрын (Асхат Аймағамбетов Білім министрі болған кезде – ред.) мектептерге «кәсіптік бағдар беруші» деген штаттық білікті енгізе бастадық. Және 6-7 сынып оқушыларына арналған кәсіптік бағдар беру деген бағларлама енгіздік. Әрине, біздің істеген жұмыстарымыздың нәтижесі әлі көрінбеуі мүмкін. Бәлкім, 6-7 жыл немесе 10 жылдан кейін аяқталар. Бірақ,  бастама тек Астана мен Алматыда емес, Маңғыстау мен Атырауда жүріп жатыр», - дейді Аймағамбетов.

Жалпы, осы тақырыпты қорытындылаған депутат қазір Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша «зейнеткер мамандық» және болашақтың мамандығы деген ұғым пайда бола бастағын айтады. Оның үстіне, әлемдік тенденцияға қарасақ, бірнеше жыл бұрын ғана сұранысқа ие мамандықтардың біразы қазір бәсекеге қабілетсіз. Сондықтан, Қазақстандағы әкімдер мен үкіметтегі жауапты органдар қысқа мерзімді сұранысқа ие болатын мамандықтар мен болашақта аса қажет болатын мамандықтардың талдауын үнемі жаңғыртып, бүгінгі оқушы, ертеңгі маман иесін кез келген жағдайға икемді болуға үйретуі керек.