Динамикада соңғы 20 жылда онкологиялық сырқаттанушылық орта есеппен 25%-ға өсті
Елімізде соңғы жылдары онкологиялық аурулар ерекше белең алып барады. Ал ең сорақысы сол қауіпті дертке шалдығатын жастар қатары көбейіп келеді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап. Орташа есеппен алғанда әрбір 100 мың адамның ішінде 200-і қатерлі ісікке шалдығатын болған. Көрсеткіштің адам шошытар жағдайға жеткеніне қарамастан, емдеу жолында туындайтын кедергілері де жоқ емес.
Елімізде жыл сайын қатерлі ісікпен ауырғандардың саны артпаса, кеміп жатқан жоқ. 2019 жылы елімізде 36 345 адам обыр дертіне шалдығыпты. Олардың төрттен бірі, 27 пайызы – бірінші сатыдағы, яғни ауыр жағдайдағы науқастар.
Зейнеткер Бейбіт Жазықбек 67 жасқа келген шағында қатерлі ауруға шалдығыпты. Өткен жылдың тамыз айында дәрігерлердің айтуымен скринингтік тексерістен өткен көрінеді. Ақ халатты мамандар ішегінен үш бірдей ісікті анықтапты. Қуанарлығы сол, уақытылы өткен тексерістің нәтижесінде онкологиялық аурудың бастапқы сатысында екені анықталған. Эндоскопиялық тәсілмен қатерлі ісіктер алынып тасталған. Қазір зейнеткер қауіпті дерттен толық айыққан.
Зейнеткер өз сөзінде адам өз ағзасында күмәнді бірнәрсені анықтаса, уақыт создырмай дәрігерге қаралуды кеңес етті.
Ал Ерке Қасенқызы былтыр ғана анасынан айырылып қалды. Өкпесіне түскен ауыр дерт уақытылы емделмегеннің салдарынан өзге ағзасына өтіп кеткен.
«Анам небәрі төрт-ақ ай ауырды. Әкем екеуі қыстыгүні демалып, бой жазу үшін Тайландқа жол жүріп кеткен. Барғанша ауырып, жеткен күні қонақүйден шыға алмай, төсек тартып жатып қалыпты. Жергілікті дәрігерлерге қаралғанмен нәтиже болмапты. Содан шұғыл түрде билет алып, елге оралды. Алматы қаласындағы дәрігерлерге көрінген екен, төбемізден жай түсірген суық хабарды естідік. Анамның өкпесінен ісік табылып, үшінші сатыдан төртіншіге өтіп бара жатқаны анықталды. Ең сорақысы сол метастаза беріп, ісік басқа органға өтіп кетіпті. Бұл үмітімізді тіптен сөндіріп тастаған еді. Сонда да барымызды салып, емдетудің түрлі жолын қарастырып едік, болмады. Түркиядағы дәрігерлерге анамның диагнозын жіберіп едік, бәрі кеш, келіп әуре болмаңыздар, өмірінің соңғы күндерін жақындарының ортасында өткізсін деген мағынада жауап алдық. Осылайша сап-сау жүрген анам небәрі төрт айдан кейін томпайған қара жердің астына - мәңгілік мекеніне аттанып кетті. Ісік деген сондай бір сорақы дерт екен. Ауырып жүргені білінбейді. Бірақ білінер болса оңайлықпен орныңнан тұрғызбайды», - деп Ерке көзіне жас алып, анасының дертін есіне түсірді.
Жуырда онкология мәселесі Парламент Мәжілісінің қабырғасында көтеріліп, депутат Динара Наумова түйткілді мәселенің шешілмей тұрған тұстарын атап өтті.
Азаматтардың денсаулығын сақтау әлеуметтік жауапты мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі болып саналады. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласында басқарушылық шешімдерді қажет ететін көптеген проблемалар бар. Ең маңызды мәселелердің бірі - онкологиялық аурулардың көбеюі.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мәліметтері бойынша, елімізде жыл сайын 35 мыңнан астам адам қатерлі ісікке шалдығады, 14 мыңнан астам адам қайтыс болады, есепте әлі 200 мың қазақстандық тұр. Динамикада соңғы 20 жылда онкологиялық сырқаттанушылық орта есеппен 25%-ға өсті. Елімізде онкология өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі болып саналады. Көрсеткіш бойынша өлім-жітім арасында онкология үшінші орында тұр.
«Мемлекет қабылдаған шараларға қарамастан, бұл аурумен күресте әлі де алға ұмтылыс жоқ және осы бағытта жұмыстың күшейтілуін талап етеді. Бұдан басқа, бүгінгі күні онкологиялық аурулары бар адамдардың құқығын іске асыруға қатысты мәселелер жеткіліксіз дәрежеде пысықталған. Қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерде ел Конституциясымен кепілдендірілген онкологиялық науқастардың денсаулығын сақтау мәселелері толық көлемде көрсетілмеген. Мұның бәрі қоғамдағы әлеуметтік шиеленіске және халықтың билік институттарына мәжбүрлі түрде жүгінуіне себеп болады», - дейді Мәжіліс депутаты Динара Наумова.
Ол сөзін жалғай отырып, онкологиялық аурулары бар азаматтардан олардың проблемаларын шешу үшін көптеген өтініш түсетінін айрықша атап өтті.
«Азаматтар онкологиялық аурулары бар адамдарды оңалту мәселесін қазір әділ көтеріп жатыр. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы «Мүгедектігі бар адамдарды бейімдеу және оңалтудың кейбір мәселелері туралы» бұйрығына сәйкес, онкологиялық аурулары бар адамдарға бұл қызметтер көрсетілмейді. Мұндай кемсітушілік онкологиясы бар азаматтардың, оның ішінде мүгедектігі бар азаматтардың конституциялық құқығын тікелей бұзады. Сонымен қатар, онкологиясы бар адамдарға мүгедектік беру процесін атап өткім келеді, бұл халықтың наразылығын тудырады. Статистикаға сәйкес, елімізде 40 мыңнан астам онкологиялық науқастың мүгедектігі бар, оның тек 16 мыңында (40%) мерзімсіз мүгедектік бар. Онкологиялық науқастардың қалған 60%-ы жыл сайын белгілі бір мүшелерінен толықтай айырылғанына немесе ішінара айырылғанына қарамастан, мүгедектігін дәлелдеуге мәжбүр. Мүгедектік расталмаған жағдайда, онкологиялық науқастар заңнамада көзделген барлық жеңілдіктерден айырылады», - дейді мәжілісмен.
Айтуынша емдеу хаттамаларындағы соңғы өзгерістерге байланысты пациенттер химиотерапия алғанға дейін сынақтан өтуі керек. Денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлері жауапкершілікті болдырмау үшін өз әрекеттерін қорғайды деген әсер бар.
«Онсыз да әлсіреген және аурудан шаршаған дене тұрақты ауыр процедураларға төтеп бере алмай, сәтсіздікке ұшырауы мүмкін, оның нәтижелері біраз уақыт күтуге тура келеді, бірақ емдеу кезінде науқас үшін әрбір секунд қымбат. Ал мұндай кедергілер азаматтарымыздың отандық медицинаға деген сенімсіздігін тудырады. Бірыңғай тәсілдер мен стандарттардың болмауы көрсетілетін қызметтердің жүйесіздігіне әкеледі», - деп депутат проблеманы жеткізді.
Осыған байланысты, онкологиялық аурулары бар адамдардың құқықтарын қорғау мақсатында онкологиялық ауруларды емдеу мен диагностикалауды ұйымдастырудың кейбір тәсілдерін қайта қарау қажет екенін айрықша атап өтті.
Депутат осы орайда айтылған проблемаларды шешу үшін бірқатар ұсынысын жеткізді:
1. Онкологиялық науқастардың проблемаларын жан-жақты зерттеу үшін жұмыс тобын құру және олардың құқықтарын қорғау бойынша нақты ұсыныстар енгізу;
2. Онкологиялық аурулардың барлық түрі бойынша медициналық қарсы көрсетілімдерді ескере отырып, онкологиялық аурулары бар адамдарға санаторий-курорттық оңалту бағдарламасын әзірлеу.
3. Жұртшылықпен бірге мүгедектікті белгілеу туралы заңнаманы кейбір бизнес-процестер мен емдеу хаттамаларын жеңілдету, тіпті жою үшін қайта қарау.
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) дерегінше, жыл сайын 10 миллионға жуық, ал елімізде 14 мыңнан астам адам қатерлі ісіктен көз жұмады. Жер бетіндегі әрбір алтыншы өлімнің себебі – осы індет. Бұған қатысты социолог-дәрігерлердің тағы бір күтпеген тұжырымы бар. Аталған дерттен қайтыс болғандардың 70 пайызы табысы төмен, әлеуметтік жағдайы нашар елдерден екен. Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққандар бойынша Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облысы мен Алматы қаласы көш басында тұр. Сол себепті жауапты ведомстволар обыр дертінің санын азайту үшін жоғарыда айтылған проблемалардың шешімін уақыт жоғалтпай тезірек шешуі қажет.