«Аборигендер» секілді өмір сүріп жатырмыз: тұрғындар талабы Досаевқа ұнаған жоқ

Qaz365.kz редакциясы

Алматы қаласының Алатау ауданына қарасты «Мәдениет» ықшам ауданы облыс иелігінен қалаға 2014 жылы қосылған

Владимир Третьяков

Бірақ әлі күнге ықшамауданының тұрғындары су мен жол азабын тартып отыр. Қала әкімі Ерболат Досаевпен кездесуде тұрғындар құрғақ уәдеден шаршағандарын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.

«Ай сайын осындай жиналыстар болып тұрады. Бәрі әдемі сөйлейді. Құрғақ уәдені естіп-естіп шаршап кеттік.  Көпірімізден бір көлік құлағанда, көпір саламыз деген әлі жоқ. Жарық, су, газ, жол дегеннің бәрі сөз жүзінде қалып отыр. Бір сұрақ шешілген жоқ. Әкім мырза, енді мына құрғақ уәделер қашан іске асады? 3-4 жылдан бері тыңдап келеміз, одан нәтиже жоқ. «Аборигендер» секілді өмір сүріп жатырмыз», - деді аудан тұрғыны.

Қыста қар тазаланбайды, жазда батпақ екенін айтты. Сосын қала әкімі Ерболат Досаевты мәселені өз көзімен көруі үшін қыста бір түнеп кетуге шақырды. Әкім сол сәтте «үйіңе шақырасың ба?» деп дүңк ете қалды. 

«Мәдениеттен» басқа да ауданда мәселе жетеді.  Өздеріңізді ерекшелеп, ондай сұрақты қоя бермеңіздер. Өйткені үйлерді басында қағазсыз заңсыз салдыңдар. Содан осындай мәселе туындады. Ал қазір «Мәдениет» әкімдіктің бақылауында. Суға ақша бөлдік. Құжаттар реттелген соң, жұмысты бастаймыз. Су тартуға 10,5 миллиард теңге жұмсалады. Судан кейін газ бен жолдың шаруасын шешеміз», - деді Ерболат Досаев.


Ол 2014 жылдан бері «Мәдениет» ықшам ауданының тұрғындарында құжат болмағанын алға тартты. Сондықтан жергілікті бюджеттен қаржы бөлінбей келген. 



«Мердігер қайда? Сол кездегі мердігер сотталып кеткен. Енді, міне, түрмеден шығайын деп жатыр. Алты жыл отырып шыққан. Өзім былтыр әкім болып келгеннен, Алатау ауданына көңіл бөліп жүрмін. Бұл аудан кезінде дала болған. Сондықтан көбісі сырттан келген. Мәселе өте көп.  Қазір біз ережені өзгертіп жатырмыз. Бұрын адамдар үй салып алып, сосын «жол қайда, су қайда?» әкімді іздейтін.  Бұл дұрыс емес. Алдымен, жол салынып, жарығы тартылып, сосын ғана үй салыну керек», - дейді әкім.


Ерболат Досаев тұрғындарды өзін сыйлауға, құрметтеуге шақырды.