Жигули Дайрабаев Меркедегі үйге қатысты айыптауларға жауап берді

Qaz365.kz редакциясы

Депутаттың айтуынша, Меркедегі үй заңды түрде алынған

t.me/mazhilis_kz

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев заңсыз үй сатып алуы туралы айыптауға жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Депутаттың айтуынша, Меркедегі үй заңды түрде алынған, үй иелерінің құқықтары сақталған.

"Мені екі эпизод бойынша кінәлап жатыр екен. Біріншісі Меркеде сатып алынған үй болса, екіншісі - Кеңес ауылындағы жер. Жауабым мынадай:

1. Үйге байланысты: Жалпы кез келген адам құнды зат сатып алғанда жеті рет өлшеп барып шешім қабылдайды. Отбасыма деп сатып алған үй уақыт өткен соң заңсыз деп есептелгені кімге керек? Мұндай тәуекел ешкімге де қажет емес. Өзіңізге осы бір сұрақты қойып көрсеңіз, бірден түсінесіздер деп ойлаймын. Нотариус арқылы жасалған келісім-шартымыз заңды, үй иелерінің құқықтары сақталған. Ақша талап етіп жүрген азаматты танымаймын да. Білуімше, ол үй сатқан әйелдің бұрынғы жұбайы (ажырасқан). Ерлі-зайыптылардың арасына кірісетін адам емеспін. Ол азамат менің осы лауазымымды пайдаланып, бопсалау жолын таңдаған. Айта кетейін, мұндай әрекет бірінші рет емес. Осыдан біраз уақыт бұрын мені кінәлаған адам мені қаралаған үшін соттың шешімімен жазаланып, айыппұл төлеген болатын. Бұл әрекетін тоқтатпаса, қайтадан сотқа жүгінуіме тура келеді", - деп жазды ол Facebook-парақшасында.

Жигули Дайрабаев Кеңес ауылындағы жер мәселесіне де қатысты да пікір білдіріп, бұл мәселе 20 жыл бұрын болғанын айтты.

"Бұл жағдай 20 жыл бұрын болған. Жерге қатысты компанияның иелері - ағайынды Иембердиевтер (Ерлан мен Нұрлан Ергешбайұлдары). Олар қазір Қазақстанда. Шатаспасам, Алматыда тұрады. Жердің де, ақшаның да иесі - осылар. Менің бұл іске ешқандай қатысым жоқ. Кезінде мен тек жалдамалы қызметкер болдым. Меркі ауданында 1 метр де жерім жоқ. Сондықтан да ауылдағы наразы адамдардың арыздары жер иелері Иембердиевтерге жолдануы тиіс деп есептеймін. Ауыл тұрғындары мені негізсіз кінәламай, қайта көмегіме жүгінгені дұрыс еді. Әлі де кеш емес", - дейді Дайрабаев.